Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливан халқына бейнеүндеу жолдап, «Хезболла» ұйымы жойылған жағдайда екі ел арасында бейбіт қатынас орнауы мүмкін екенін мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ол өзінің үндеуінде Израильдің Ливан халқымен емес, елді «Иранның ықпалындағы Хезболла» ұйымымен соғысып жатқанын айтты.
Израиль сіздермен соғысып жатқан жоқ. Біз Ливанды кепілге алған және Иранның тапсырмаларын орындайтын “Хезболламен” күресіп жатырмыз, – деді Нетаньяху.
Премьердің айтуынша, «Хезболла» Ливанның ішкі тұрақтылығына қауіп төндіріп, елді Израильмен қақтығысқа итермелеп отыр.
Нетаньяху сонымен қатар Израиль армиясы ұйымның мыңдаған мүшесін жойғанын және Оңтүстік Ливан аумағында әскери операцияларды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, «Хезболла» әлсіреген жағдайда Израиль Ливанмен бейбіт қатынас орнатуға дайын және екі халықтың да экономикалық әрі саяси ынтымақтастыққа мүмкіндігі ашылады.
Біз Ливанмен бейбіт өмірді қалаймыз. Болашақ – бірге даму мен өркендеу, – деді ол.
Алайда Израиль мен Ливан арасында ресми дипломатиялық қатынастар жоқ, ал екі ел арасындағы шиеленіс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Сарапшылар мұндай мәлімдемелер аймақтағы саяси жағдайға әсер етуі мүмкін екенін айтады.