Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Израиль Газаға гуманитарлық көмекті парашютпен тастауға рұқсат бермек

26 Шілде 2025, 23:35
766
Бөлісу:

Израиль Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктеріне Газа секторына гуманитарлық көмекті парашют арқылы жеткізуге рұқсат беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Times of Israel басылымы Израиль армиясы жанындағы азаматтық мәселелермен айналысатын COGAT (Coordinator of Government Activities in the Territories) бөлімшесіне сілтеме жасап хабарлады.

Times of Israel мәліметінше, көмекті алғашқы болып Иордания жеткізуі мүмкін. Бұған дейін де, былтыр көктемде, АҚШ пен Ұлыбритания Иордания, Мысыр және Франциямен бірлесіп, Газадағы тұрғындарға парашютпен азық-түлік тастаған еді.

БҰҰ-ның Палестина босқындары жөніндегі агенттігінің (БАПОР) басшысы Филипп Лаццарини мұндай жеткізу тәсілін «тиімсіз» деп атап, оны шынайы гуманитарлық әрекеттің орнына назарды басқаға бұру әрекеті деп сынады.

Газа секторының тұрғындары мен халықаралық ұйымдар аймақта ашаршылық қаупі бар екенін бірнеше айдан бері айтып келеді. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі соңғы үш күнде 33 адамның аштықтан көз жұмғанын хабарлады. Израиль бұл айыптауларды жоққа шығарып, азық-түлік жеткізуді шектемегенін мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы