- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ізет пен ілтипат: Қоғамда сыйластық неге азайып барады
Ізет пен ілтипат: Қоғамда сыйластық неге азайып барады
Маман мәселенің себептері мен шешу жолдарын атады.
18 Қараша 2026, 10:45
Қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеті адамның өзгеге қалай сөйлейтінімен ғана өлшенбейді. Ол – үлкенге құрмет көрсету, кішіні сыйлау, өзгенің пікірін тыңдау, қоғамдық орындарда әдеп сақтау және адамның әлеуметтік жағдайына қарамастан бәріне бірдей ілтипат таныту. Алайда соңғы уақытта дөрекі сөйлеу, әлеуметтік желіде бір-бірін кемсіту, қоғамдық орындарда өзгенің тыныштығын елемеу сияқты әрекеттер жиі талқыланып жүр. Мұның астарында не жатыр? Сыйластықтың мәні өзгерді ме, әлде қоғамдағы әлеуметтік қысым адамдардың мінез-құлқына әсер етіп отыр ма? Қазақстандық қоғамдық даму институтының бас сарапшысы Айдана Кулманова BAQ.KZ тілшісіне қазіргі қарым-қатынас мәдениетіне баға беріп, ізет пен ілтипатты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру жолдары туралы айтты.
Құрмет адамның мәртебесіне қарай өлшенбеуі керек
Маманның айтуынша, қазіргі қазақ қоғамындағы қарым-қатынас мәдениетіне жан-жақты баға беріп, оны бұрынғы кезеңдермен салыстыру оңай емес. Мұндай зерттеу үшін ауқымды контент-талдау жүргізіп, кем дегенде әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сүйену қажет. Дегенмен дәстүрлі көшпенділер философиясы мен рухани құндылықтарымызда қонаққа ізет білдіру, үлкенге құрмет көрсету, айналадағы әр адамға ілтипат таныту – әркімнің бұлжымас парызы болған.
Бұл ретте неміс философы Аксель Хоннеттің «Мойындау үшін күрес» еңбегінде айтылған тұжырымдарға назар аударуға болады. Философ тұлғаның толыққанды қалыптасуы мен қоғамдық әділеттіліктің орнығуы үшін өзара мойындаудың үш деңгейін атап көрсетеді. Біріншісі – отбасы мен жақын ортадағы сүйіспеншілік, екіншісі – құқықтық теңдікке негізделген азаматтық құрмет, үшіншісі – адамның қоғамға қосқан үлесі мен еңбегіне берілетін баға.
Алайда соңғы уақытта қоғамдағы сыйластық, ізет пен ілтипат ұғымдары жалпыадамзаттық сипатынан айырылып, тар шеңбердегі, жекелеген қатынасқа ауысып барады. Бүгінде адамға көрсетілетін құрмет оның адами болмысына емес, көбіне қоғамдағы беделі мен материалдық немесе әлеуметтік үлесіне қарай өлшенетін деңгейге жетті, – дейді Айдана Кулманова.
Маман бұл мәселені тек жеке адамдардың тәрбиесімен түсіндіруге болмайтынын айтады. Қоғамда дөрекі сөйлеу, өзгенің пікірін елемеу немесе қоғамдық орындарда әдеп сақтамау жаппай сипат алмаса да, мұндай жағдайлар ара-тұра қоғамдық резонанс тудырып жатады. Оның артында экономикалық қысым, шамадан тыс жұмыс істеуден туындайтын күйзеліс, тіпті жұмыссыздық сияқты әлеуметтік факторлар да бар.
Қоғамдық орындардағы шыдамсыздық – адамның бойында жиналған әлеуметтік-психологиялық қысымның сыртқа шығуы. Сондықтан мұндай әрекеттерді тек жеке адамның тәрбиесіздігімен байланыстыру мәселеге біржақты қарау болар еді, – дейді ол.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасының мәні өзгерді ме?
Қазақтың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген мақалының астарында ұрпақтар сабақтастығы жатыр. Бұл қағида тек қарияларды сыйлауды емес, өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқорлық көрсетіп, дұрыс жол сілтеуді де білдіреді. Алайда кейде қоғамда осы ұғымның бір жағына ғана басымдық беріліп жатады.
Біз үлкенге құрмет көрсетуді бұлжымас міндет ретінде қабылдаймыз да, екінші тарапты – кішіге ізет білдіруді естен шығарып аламыз. Соның салдарынан бұл құндылық бүгінде формальды сипатқа ие болып барады. Бұрынғыдай мазмұндық, рухани сабақтастықтан гөрі, көбіне сыртқы рәсімдер деңгейінде ғана сақталған. Мәселен, үлкенге орын беру, амандасу, дастарқан басындағы тәртіп сияқты әрекеттермен шектеліп қаламыз. Сондықтан қазіргі жас ұрпақ құрметті тек жас ерекшелігіне қарап емес, адамның жеке қасиеттері мен өзіне деген қарым-қатынасына қарай көрсетуге бейім, – деп атап өтті маман.
Оның пікірінше, үлкенді сыйлау мен өз ойын ашық айту бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Тек осы екі түсініктің арасындағы шекараны дұрыс ажырата білу керек. Мұны түсіндіру үшін маман ежелгі грек қоғамындағы ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасты мысалға келтіреді. Ол кезде ұстазға және ақсақалдар кеңесіне құрмет жоғары болғанымен, Сократ, Платон, Аристотель секілді ойшылдардың мектебінде шәкірттің ұстазымен ашық пікірталасқа түсуі білім іздеудің басты шарты саналған.
Аристотельдің өзінен жасы үлкен ұстазы Платонға қарата айтқан «Платон менің досым, бірақ ақиқат одан да қымбат» деген әйгілі сөзі де үлкенге ілтипат білдіре отырып, шындықты ашық айтудың үлгісі ретінде келтіріледі.
Үлкенді сыйлау мен өз пікіріңді ашық айтудың тепе-теңдігі бір-біріне қайшы емес. Тек олардың шекарасы дұрыс ажыратылмай жүр. Мұндағы басты қағидат – тұлғаны құрметтеу, бірақ оның пікірімен келіспеуге құқылы болу. Аға буын өкілдері де жастардың ашық ойын қарсы шығу немесе тәрбиесіздік деп қабылдамай, диалогқа дайын болуы керек, – деп түсіндірді Айдана Кулманова.
Әлеуметтік желідегі дөрекілік – қоғамның да айнасы
Қарым-қатынас мәдениетіндегі өзгерістер виртуалды кеңістіктен де анық байқалады. Әлеуметтік желілердегі дөрекі пікірлер, хейт, бір-бірін кемсіту мен жеке басқа тиісу – қоғамдағы жалпы мәдениеттің көрінісі ғана емес, оны өзгертіп жатқан белсенді құралдың бірі.
Маманның сөзінше, мұндай әрекеттерді жекелеген адамдардың теріс қылығымен ғана шектеуге болмайды. Оған цифрлық ортаның психологиясы мен нетикет, яғни желілік этикет ережелерінің сақталмауы да әсер етеді. Желідегі әдептің өрескел бұзылуының бір көрінісі – айтылған ойды немесе ұсынысты талқылаудың орнына, оны айтқан адамның жеке басына тиісу.
Мәселен, әлеуметтік желіде бір сарапшы немесе блогер “Қалада веложолақтарды көбейту керек” деген ұсыныс білдірді делік. Мұндай жағдайда конструктивті пікір алмасудың орнына, тақырыптан мүлде ауытқып, “Өзіңнің түріңе қарап алшы, сен сияқтылар елді құртады” деп автордың жеке басына, жасына, тіпті тегі мен өңіріне тиісу әрекеттері жиі кездеседі. Яғни адамдар ұсыныстың мәнін талқылаудың орнына, оны айтқан адамның өзіне шабуыл жасайды, – дейді бас сарапшы.
Әлеуметтік теңсіздік пен тұрмыстық қысым адамның мінезіне әсер ете ме?
Адамдардың бір-біріне деген сенімі мен құрметінің төмендеуіне бір ғана себеп әсер етпейді. Бұл – бірнеше әлеуметтік-психологиялық фактордың жиынтығынан туындайтын құбылыс. Әлеуметтік теңсіздік пен тұрмыстық қиындықтар адамның ішкі тепе-теңдігін бұзып, өзгелермен қарым-қатынасына да ықпал етуі мүмкін. Дегенмен маманның айтуынша, қиындық адамның бойында агрессия тудырғанымен, сол сәтте сабыр сақтап, өзгені құрметтеу әр адамның ішкі мәдениеті мен саналы таңдауына байланысты.
Қымбат көлік мінген жүргізушінің жол ережесін бұзып, қарапайым көліктегі адамға жол бермеуі немесе мейрамхана мен дүкендерде қызмет көрсететін даяшылар мен кассирлерге менсінбей, бұйыра сөйлеуі – әлеуметтік мәртебесіне сүйеніп, өзгенің қадірін елемеудің нақты көрінісі. Сонымен қатар несие жүктемесі, баспана мәселесі мен табыстың жетіспеушілігі адамды үнемі тіршілік үшін күрес режимінде ұстайды. Мұндай жағдайда өзгеге жанашырлық танытуға эмоционалдық ресурс қалмай, кез келген бейтаныс адам бәсекелес ретінде қабылдануы мүмкін. Адамдар заңның әділдігіне күмәнданғанда, күнделікті өмірде алдану жағдайлары жиілегенде де қоғамда “ешкімге сенуге болмайды” деген қорғаныс рефлексі қалыптасады. Бұрын көршілер бір-біріне үйінің кілтін қалдырып кетсе, қазір интернет-алаяқтар мен жалған қайырымдылық қорлары көбейгеннен кейін адамдар шынымен көмекке мұқтаж жандардың өзіне күмәнмен қарап, теріс айналатын болды, – деп есептейді маман.
Оның пікірінше, сыпайылықты әлсіздікпен, ал дөрекілікті батылдықпен немесе шындықты ашық айтумен шатастыру да қазіргі қоғамдағы коммуникациялық дағдарыстың белгісі. Мұндай түсініктің қалыптасуына бірнеше әлеуметтік-психологиялық және мәдени фактор әсер етеді.
Адамдар өз құқықтарын заңды, өркениетті әрі сыпайы жолмен қорғай алатынына сенбеген кезде, “қатты сөйлемесең, ешкім елемейді” деген мінез-құлық үлгісі қалыптасады. Қызмет көрсету орындарында немесе қоғамдық кеңістікте мәселенің тек дау шығарған адамның пайдасына шешілуі дөрекілікті тиімді стратегия ретінде бекіте түседі, – деп түсіндірді ол.
Қарым-қатынас мәдениеті тек отбасында қалыптаспайды
Баланың бойына адамгершілік құндылықтардың алғашқы негізі отбасында қаланады. Алайда сол тәрбиенің өмір бойы сақталып, нығаюы тек ата-анаға байланысты емес. Мектеп, еңбек ұжымы, қоғамдық орындардағы тәртіп, ақпарат құралдары тарататын мәдени үлгілер де адамның өзгелермен қарым-қатынасына ықпал етеді.
Егер отбасында айтылған ізгі сөз бен үйретілген әдеп сыртқы ортадағы агрессия мен әділетсіздікке тап болса, жеке тәрбиенің ықпалы әлсірейді. Сондықтан өзара сыйластық пен ілтипат қоғамның айнымас нормасына айналуы үшін отбасы мен барлық әлеуметтік институттар бір бағытта, біртұтас жүйе ретінде әрекет етуге тиіс, – дейді Айдана Кулманова.
Маман бұл ретте Жапонияның қоғамдық этикасын әлеуметтік институттардың қарым-қатынас мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыруына мысал ретінде келтіреді. Оның айтуынша, жапон мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына, шамамен 10 жасқа дейін, күрделі емтихандар өткізілмейді. Оның орнына «Моральдық тәрбие» – «Дотоку» пәніне және қоғамдық мінез-құлық ережелеріне басымдық беріледі.
Жапон компанияларында да іскерлік этикет қатаң сақталады. Ондағы «омотэнаши» философиясы бойынша кез келген тұтынушыға, әріптеске, тіпті бәсекелеске де жоғары деңгейде құрмет көрсетіледі.
Ұрпақтар арасындағы түсініспеушіліктің күшеюіне де қарым-қатынас мәдениетіндегі осындай өзгерістер әсер етуі мүмкін. Маманның пікірінше, аға буын жастардан бұрынғы дәстүрлі иерархияға сөзсіз бағынуды күтсе, жаңа буын тең құқықты диалогты және жеке шекараның құрметтелуін талап етеді. Құндылықтар жүйесіндегі осы айырмашылық екі тараптың бір-бірін «ескішіл» немесе «тәрбиесіз» деп айыптауына әкелуі мүмкін.
Сыйластықты қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның міндеті қандай?
Қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру тек азаматтардың жеке жауапкершілігімен шектелмейді. Бұл бағытта мемлекет пен қоғамның міндеті өзара тығыз байланысты. Мемлекет қоғамдық орындар мен көліктерде адамдарға қолайлы жағдай жасап, әділ ережелерді қамтамасыз етуі керек. Ал қоғам сол ортадағы өзара сыйластықты күнделікті әдетке айналдыруға үлес қосуы қажет.
Бас сарапшы қоғамдық көліктердегі кестені реттеп, жолаушылар әдебін еске салатын шығармашылық аудио-хабарламалар мен көрнекі белгілерді қолдануды ұсынады. Емханалардағы кезекті цифрландыру, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтарды заң аясында қатаң бақылауға алу да тиімді тетіктердің қатарында.
Ал қоғам деңгейінде қоғамдық көлікте телефонмен қатты сөйлеспей, өзгенің тыныштығын сақтау, қоғамдық орындарда дөрекілікке бейжай қарамай, сабырлы түрде ескерту жасау маңызды. Тұрғын үй кешендерінде “Көршілер күні” секілді шағын бастамаларды өткізу, үй чаттарында іскерлік этикетті сақтау арқылы да көршілер арасындағы ашық диалогты нығайтуға болады. Осылайша, мемлекеттің институционалдық қолдауы мен азаматтардың күнделікті шағын әдеттері тоғысқанда ғана ізет пен ілтипат қоғамның айнымас нормасына айналады, – дейді Айдана Кулманова.
Қоғамдық мәдениет әр адамның өзінен басталады
Сарапшының пікірінше, ізет пен ілтипатты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру үшін ең алдымен әр адам өзінен бастауы керек. Өйткені қоғамдық мәдениет – жеке тұлғалардың күнделікті мінез-құлқы мен әдеттерінің жиынтығы.
Ол үшін қоғамдық орындарда телефонмен қатты сөйлеспеу, өзгенің жеке шекарасы мен уақытын құрметтеу, адамның жасына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бәріне бірдей ілтипат таныту маңызды. Сонымен қатар өзгенің пікірін бөлмей тыңдай білу де қарым-қатынас мәдениетінің негізгі белгілерінің бірі.
Адам өз мінез-құлқын өзгерткенде, оның айналасындағы жақындары, әріптестері мен балалары да сол үлгіні қайталай бастайды. Осылайша, бір адамның саналы түрде сыпайылық танытуы бүкіл қоғамның қарым-қатынас мәдениетін жақсартатын тізбекті реакцияға айналады, – деп түйіндеді Қазақстандық қоғамдық даму институтының бас сарапшысы Айдана Кулманова.
Ең оқылған:
- Қазақстандықтарды қыста қандай өзгерістер күтіп тұр: Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және айыппұл
- Алаяқтар зейнетақы ақшасын иемденудің жаңа айласын ойлап тапты
- ҚазҰУ студентінің қазасы: Ғылым министрлігі тексеру жүргізеді
- Қазақстандық актер Испанияда халықаралық марапатқа ие болды
- Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млдр долларға жетті
Мақпал ОРЫНБЕК