Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Өзгеше форматта басталған төртінші тоқсанның үшінші аптасы өтіп жатыр.
Көкшетаулық үздік педагог Сандуғаш Бралинаның пікірінше, оқытудың бұл жүйесі оқушының өздігінен оқып, ізденуіне жол ашады.
Осы аралықта қашықтан оқытуды қаншалықты меңгердік? Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Сандуғаш Бралинаның айтуынша, кез келген мұғалімнің IT білімі жоқ. Сондықтан да ұстаздардан заман талабына сай IT технологияларды жан-жақты игеру талап етілуде.
Көп ізденуге тура келді. Бастапқыда қиындық туғызды. Бірте-бірте үйрене бастадық. Меніңше, қашықтан оқытудың пайдалы тұсы - білімге құшта балалардың одан әрі ізденуіне жол ашады. Уақытымның көбін балалармен жұмыс жүргізуге жұмсаймын. Олар таңғы 8-ден кешкі 11-12-ге дейін орындаған тапсырмаларын жібереді. Балалардың қызығушылықпен оқитыны байқалады. Жақсы оқитын балалар бір-бірімен жарысып оқиды. Тыңғылықты дайындалатыны қуантады. Онлайн-мектеп тапсырмаларын мұқият қадағалап отырамыз. Онда оқушы жұмысының пайыздық көрсеткіші шығарылады. Күнделік-kz-ке бөлек тапсырма беремін. Әрине, оқушылар тарапынан жүктеме көп дейтіндер бар. Бірақ оқитын бала үшін бұл көп жүктеме емес. Мұны олардың өздері де растайды, - дейді ұстаз.
Ұзақ уақытқа созылған карантин көп оқушыларға мектептің қадірін ұғындырған.
11 сынып оқушылары білім алып жатқан алтын ұялары жайлы өлеңдер де жіберіп жатады. Балалар мектебін, ұстаздарын, асханасын, бір-бірлерімен сұхбаттасқан сәттерін сағынады. Оқып отырып толқисың. Қашықтан оқудың тиімді жақтары көп болғанымен, көзбе-көз сөйлесіп, жанды пікір алысуға әрине, ештеңе жетпейді. Бұл жағы балаларға қиындау, - дейді педагог.
Оның айтуынша, жаңа формат оқушымен қатар оқытушыға да салмақ түсіруде.
Бұрын бір сабақта жеті-сегіз баланың үй тапсырмасын тексеруге уақыт жұмсайтынбыз. Қашықтан оқу мұғалімдерге екі-үш есе жүктеме артты. Қазір бір сыныпта 20 бала оқыса, олардың әрқайсысының тапсырмасын тексеріп, түсініктеме жазу талап етіледі. Әр баланың білім деңгейі әр түрлі. Үлгерімі төмен оқушы қай тақырыпты игере алмады, қай тұстан кемшілік кетті? Осы сауалдар төңірегінде кері байланысқа шығып, оқушыларға жеке-жеке хабарласамын. Мұғалім әр балаға уақыт таба білуі керек, - дейді Сандуғаш Бралина.
Ұстаз карантин режимінде балалар достықтың қадірін ұғынып, жауапкершіліктері артқанын айтады.
Тапсырма Күнделік.kz-те файлға тіркеледі. Үй жұмысын оқушылар көріп отырады. Олар сол файлмен жауап беру керек. Алғашқы кездері жауаптарын файлға тіркей алмаған оқушылар да болды. Сол тұста WhatsApp арқылы бір-біріне көмектесіп, үйренді. Нәтижесінде онлайн жұмыс істеу тәсілін біртіндеп меңгеруде. Сабаққа деген жауапкершіліктері артты. Ең бастысы, балалар баға үшін емес, өздері үшін оқу керектігін ұғынып келеді, - дейді ұстаз.