Иттер туралы заң бар. Қаңғыбас жануарлар қорғауды қажет етеді

30 Қараша 2022, 22:04
3998
Бөлісу:
Иттер туралы заң бар. Қаңғыбас жануарлар қорғауды қажет етеді
Фото: автордан

Әр нәрсенің – жанды, жансыз дүниенің обалы бар. Сол себептен де Қазақстан жұрты адамгершілікке негізделген дүниежүзілік бастамаларға қолдау білдіріп, үн қосып отырады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңымыздың да биылғы 2 наурыздан бастап күшіне енгенін сол сөзіміздің айғағы деп білген жөн. Онда қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту үшін не істеу керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Дегенмен, жануарлар құқығын қорғаушылар әлі де жер-жердегі ветеринарлық қызметтен осы мәселеге қатысты нақты шаралар қолдануды талап етеді.

Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкей мен BAQ.KZ-тің меншікті тілшісінің сұхбаты да аталған тақырып төңірегінде өрбіді. Жауапты маман жануарларды қорғау заңнамасының нормаларын жүзеге асыру жұмыстары қалай жолға қойылғанын айтып берді.

– Олжас Тұрғынұлы, биыл ғана күшіне енген заңның негізгі нормаларын оқырмандарымыздың есіне салып өтсеңіз. Маңызды құжат аясында қазірдің өзінде не істелді және енді не істеу керек?

– Бұл тұста әңгімені әріден бастау керек деп ойлаймын. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2021 жылдың желтоқсанында қабылданып, 2022 жылдың наурызында күшіне енді. Сондай-ақ өткен жылдың наурыз-мамыр айларында жануарларға жауапкершілікпен қараудың барлық ережелері көрсетілген 13 заңға тәуелді акт қабылданды. Осы ережелер негізінде біздің ведомство Жамбыл облыстық мәслихатының екі шешімінің жобаларын әзірледі. Олар – «Жануарларды ұстау, уақытша ұстау және жою қағидалары» және «Жамбыл облысында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары». Бұлар мәслихаттың 2022 жылғы 5 қазандағы сессиясында қаралып, қабылданған.

Заң жаңадан енгізілгендіктен, бұл бағытта түрлі мәселелердің туындап жататынын да заңдылық деп білген жөн. Бұлар қаржының тапшылығы болуы мүмкін немесе халықтың, мамандардың, қоғамның басқа да санаттағы мүшелерінің заңда көрсетілген талаптарды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы Талғат Ердешевтің қатысуымен еліміздің түкпір-түкпірінде кездесулер ұйымдастырылды, бізде де өтті. Жақында өңірімізге Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің өзі де келіп, жаңа заңның нормаларын көпшілікке егжей-тегжейлі баяндап берді.

Сондай-ақ, ветеринария басқармасының мамандары барлық сала бойынша заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елді мекендерде билбордтар ілініп, екі рет брифинг өткіздік. Үй иттері мен мысықтарды зарарсыздандыру және кастрациялау, басқа да ветеринариялық манипуляциялар жүргізілетін ветеринарлық клиникаларды ашу жұмыстары ұйымдастырылуда.

– Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаттары бекіткен қаңғыбас жануарларды ұстау, бағу және жоюдың жаңа ережелерін айттыңыз. Онда көрсетілген қандай тармақтар орындауға міндетті?

– Мысалы, жергілікті атқарушы органдарды барлық қаңғыбас мысықтар мен иттерді тіркеуге міндеттейтіндер бар. Бұл дұрыс дегенмен, әрине, қиын жұмыс. Әрі қарай, қаңғыбас иттер мен мысықтарды зарарсыздандыру және кастрациядан кейін, егер олар агрессивті болмаса, мекендеп жүрген ортасына жіберу керек. Қиындық мынада: тіршілік ету ортасына жіберілген бұл жануарларды кейіннен вакцинациялау үшін табу қиын болады.

Сонымен қатар, елді мекендерде орналасқан қаңғыбас иттер мен мысықтар жабайы жыртқыш жануарлармен байланыста болған кезде, құтыру сияқты аса қауіпті жұқпалы ауруларды жұқтыруы мүмкін.

Иттер туралы заң бар. Қаңғыбас жануарлар қорғауды қажет етеді

Айтпақшы, зарарсыздандыру және кастрация жануарлардың толық стерильді болуына 100 пайыз кепілдік бермейді, өйткені олар репродуктивті функцияларды белгілі бір дәрежеде ғна сақтай алады. Мен бұл туралы ветеринария саласында ондаған жылдық тәжірибесі бар маман ретінде айтып отырмын.

Қағидаларда қаңғыбас жануарлардың қауіптілігі туралы хабардар ету, қаңғыбас жануарларды ұстау, оларды кейіннен зарарсыздандыру және кастрациялау арқылы арнайы панаханада ұстау, агрессивтілік байқалса немесе аса қауіпті инфекциялар анықталса, жою сияқты тармақтар да міндетті болып табылады. 

Қаңғыбас жануарларды ұстау шаралары аяусыз түрде емес және ауыртпалықсыз жүргізілуі керек, яғни құрал-жабдықтар ретінде торлар, ілмектер немесе қақпандар қолданылуы тиіс. Қазіргі таңда қала, аудан әкімдіктері мұндай құрал-саймандарды бюджет қаражатына сатып алады, сонымен қатар өзіміздің Қордай ветеринарлық станциясы да дайындайды.

Ерекше атап айтарлығы, адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнген жағдайларды қоспағанда, жануарларды балалардың көзінше ұстауға жол берілмейді.

Адамға шабуыл жасаған немесе оның өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, оның ішінде кемінде үш адамға зиянын тигізген адасып кеткен иттерді ұстау кезінде оны қозғалыссыздандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттарды қолдануға жол беріледі. Бұл шараны орындау кезінде арнайы акт толтырылады, оған кемінде екі куәгер қол қояды. Куәлар болмаған жағдайда, мұны бекітудің техникалық құралдарын (бейне түсіру) пайдалануға жол беріледі.

Ұсталған жануарларды тасымалдау кезінде де бірқатар талаптар сақталуы керек. Мәселен, жануарларды тасымалдау кезінде олардың азық-түлікке, суға, ауаға, қозғалысқа, табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыру керек. Сондай-ақ зиянды сыртқы әсерлерден де қорғау міндеттеледі. Тасымалдауға арналған көлік кеңістігінің көлемі тасымалданатын жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес болуы да талап етіледі. Жануарларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде олардың жарақаттануын немесе денсаулығына өзге де зиян келуін немесе жануарлардың өлуін, сондай-ақ олардың көлік құралын өз еркімен тастап кетуін болдырмайтындай жабдықталуы керек.

Ұсталған жануарлар уақытша ұстау изоляторында ұсталады, агрессивті жануарлар жойылады. Жануарларды күтіп-баптаумен қатар, осы шаруаға мүдделі баспана иелерін, сондай-ақ қараусыз қалған жануарларды паналатқысы келетін азаматтарды да іздестірудеміз.

Ережеде көрсетілген басқа да міндетті талаптар бар. Атап айтатын болсақ, үй жануарының иесі адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, үй жануарларын қоғамдық орындарда, жалпы пайдалану орындарында (баспалдақ алаңдарында, жертөлелерде, шатырларда, іргелес жатқан балкондарда, лоджияларда және ортақ пайдалануға арналған қосалқы үй-жайларда), іргелес аумақтарда (жеке тұрғын үй ғимараттарының іргелес аумақтарынан басқа) ұстауға жол берілмейді. Бұған ас үйлер мен жатақхананың дәліздері де кіреді.

Үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайтындығын да ескерте кетейін. Қадағалау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты адам жануарды уақытша ұстау үшін үй жануарларына арналған панаханаға орналастыруға немесе үшінші тұлғаларға уақытша ұстауға беруге, не зоологиялық орталықтарға орналастыруға міндетті.

Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда, иесі мен жауапты адам жануарды одан әрі орналастыру шараларын қабылдауы қажет.

Иттерді серуендеуге және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауға болмайтын жағдайда ұстау керек. Мұндай шарттар болмаған жағдайда, ит арнайы торда немесе қарғыбауында болғаны жөн.

Сонымен қатар, үй жануарларын серуендеу тәртібі қатаң түрде анықталған. Сіз олардың жүріс-тұрысын бақылай алмайтын жағдайда онымен бірге алкогольдік, есірткілік, токсикологиялық масаң күйдегі адамдардың ортасында, қоғамдық көлікте жүруге және олармен бірге болуға болмайды. Қағидалар үй жануарларын мектепке дейінгі білім беру, дене шынықтыру-спорт және медициналық ұйымдардың, мәдениет үйлерінің аумақтарында, балалар және спорт алаңдарында, серуендеуге арналмаған аллеяларда, тыйым салу белгілері орнатылған өзге де орындарда серуендетуге тыйым салады. Сіз жағажай аймақтарын иттер алаңына айналдыра алмайсыз, сонымен қатар иттер мен мысықтарды тоғандарда, субұрқақтар мен су қабылдағыштарда шомылдыруға және жуындыруға болмайды. Сондай-ақ иттерді қоғамдық тамақтандыру орындарында (қызметтік иттер мен нашар көретін адамдарға арналған бағыттаушы иттерден басқа), азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, мәдениет мекемелерінде (көрмелер, ойын-сауық және бұқаралық іс-шараларды қоспағанда) алып жүруге тыйым салынады. Діни ұйымдардың (бірлестіктердің), балалар, білім беру, медициналық мекемелердің ғимараттарына да кіргізбеу керек.

Жергiлiктi атқарушы органдар үй жануарларын серуендетуге немесе жануарлармен басқа мақсаттарда жүруге тыйым салынатын орындарды белгiлейдi, қажет болған жағдайда үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды.

– Қаңғыбас иттер мәселесі тек облыс орталығында ғана өзекті емес. Аудан тұрғындары да топ-тобымен жүретін жабайы иттерге де шағымданып жатады. Ал қала тұрғындары оқ атуды құптамаса, ауыл тұрғындары, керісінше, адасып жүрген төрт аяқты «қарақшылардан» шешуші жолмен құтқаруды сұрайды. Қалалық қаңғыбас иттер мен ауылдардағы осындай иттердің мәселесінің айырмашылығы бар деп ойлайсыз ба?

– Әрине, қаңғыбас иттер мен мысықтар мәселесі қалада да, ауылдық аймақтарда да өзекті. Бірақ ауылдарда иттердің санын реттеу оңайырақ, өйткені оларды әрқашан қарғыбаумен ұстауға болады.

Дегенмен, ауылдардағы қаңғыбас иттер үй жануарларына жиі шабуыл жасайды, иттердің қорадағы қойға шабуыл жасаған жағдайлары да кездеседі. Сонымен қатар, ауылдық иттер мен мысықтар құтырған жабайы жануарлармен байланыста болуы да ғажп емес.

Қалалық және ауылдық иттердің айырмашылығы сол, ауылдарда негізінен жануаралар бір-бірімен еркін шағылысады, ал қалада мұны реттеу қиындау. Өйткені, кейбір азаматтар аядай ғана пәтерлерде тұрады. Осыған байланысты үй жануарларын көшеге жібере салатындар бар, сосын ол қаңғыбас итке немесе мысыққа айналып кетуі мүмкін. Сол себептен, үй жануарларының иелерінің де жауапкершілігін қарастыру керек деп білемін.

– Олжас Тұрғынұлы, ветеринария басқармасы жануарлар құқығын қорғаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатудың, әркез байланысып тұрудың жолын іздеп жатыр ма?

– Иә, біз үнемі дөңгелек үстелдер мен басқа да іс-шаралар өткізіп тұрамыз, олардың барысында қаңғыбас иттер мен мысықтар мәселесі жан-жақты талқыланады. Бірақ, мен айтар едім, әлеуметтік желілерде дұрыс емес мәліметтерді тарататын өте «табанды» әрі «жаншыр» жануарлар құқығын қорғаушылар бар. Дегенмен, азаматтық қоғам көтерген мәселелерді шешудің жолдарын іздестіріп жатырмыз.

– Қандай да бір себептермен ит пен мысық ұстай алмайтын немесе ұстағысы келмейтіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Менің ойымша, егер адам қандай да бір себептермен иттері мен мысықтарын одан әрі ұстаудан бас тартса, мемлекет оның жануарларын қолдауды жүзеге асыратын баспанада ұстауы үшін бюджетке белгілі бір соманы төлеуі керек. Сонымен қатар, мұндай жауапсыз адамдарқа қатысты қандй да бір әкімшілік шаралар қажет. 

Иттер туралы заң бар. Қаңғыбас жануарлар қорғауды қажет етеді

Болашақта жануаарларға арналған жеке баспаналарды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы арқылы көбірек ашу керек. Әйтпесе, иттер мен мысықтар адамның адамгершілікке жатпайтын әрекеттерінен зардап шеге береді. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы