Атырауда үй жануарына қатыгездік көрсету дерегі тіркелді. Итін күрекпен ұрған 39 жастағы әйел полиция қызметкерлеріне бағынбай, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Атырау облысының Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты BAQ.KZ тілшісіне түсініктеме берді.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 31 наурыз күні шамамен сағат 17:30-да полицияға үй жануарына қатыгездік көрсету фактісі туралы хабарлама түскен.
Тексеру барысында 39 жастағы қала тұрғыны анықталды. Алдын ала дерек бойынша, әйел өзінің питбультерьер тұқымды итін күрекпен ұрған.
Бұл әрекетке иттің әйелдің мысығын талап өлтіруі себеп болғаны айтылып отыр.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшыларын әйел агрессивті қарсы алып, заңды талаптарын орындаудан бас тартқан.
Осыған байланысты ол полиция қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жануарларға қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайлар анықталып жатыр, - деп хабарлады облыстық ПД.
Зардап шеккен жануар тәркіленіп, оған қажетті ветеринариялық көмек көрсетілді. Қазіргі жағдайы бақылауда.
Құзырлы орган өкілдері жануарларға қатыгездікпен қарау тұрмыстық «жанжал» емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқықбұзушылық екенін ескертті.
Мұндай барлық деректерге міндетті түрде құқықтық баға берілетін болады.