Италияның әскери тікұшағы апатқа ұшырап, төрт адам көз жұмды

Босниядағы қайғылы оқиға оқу-жаттығу кезінде болған. Апаттан кейін EUFOR миссиясы тергеу жұмыстарын бастады.

30 Қазан 2026, 13:07
АВТОР
 klix.ba/Handout via Reuters 30 Қазан 2026, 13:07
30 Қазан 2026, 13:07
136
Фото: klix.ba/Handout via Reuters

Босния және Герцеговинада Еуропалық одақтың (EUFOR) миссиясы құрамында қызмет еткен төрт Италия азаматы әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапты. Тағы 11 адам жарақат алған.

Al Jazeera басылымының мәліметінше, оқиға бейсенбі күні елдің солтүстігіндегі Брчко қаласы маңында болған. CH-47 Chinook әскери тікұшағы жоспарлы оқу-жаттығу кезінде құлаған.

Фото: klix.ba/Handout via Reuters

EUFOR миссиясының мәліметінше, апаттан зардап шеккен 11 адам медициналық көмек алып жатыр. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланған.

Италия үкіметінің хабарлауынша, тікұшақ бортында болғандардың барлығы Италия азаматтары. Италия Қорғаныс министрлігі қаза тапқандардың екеуі әскери қызметші, ал екеуі Қызыл Крест ұйымының еріктілері екенін мәлімдеді.

Италияның Қорғаныс министрі Гвидо Крозетто қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, бұл оқиғаға байланысты қайғысын білдірді.

Италияның қорғаныс ведомствосы болған оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. EUFOR апатқа қатысты жан-жақты тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат жарияланбақ.

Айта кетейік, EUFOR миссиясы Босния және Герцеговинада 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – 1995 жылы Босниядағы соғысты аяқтаған Дейтон бейбіт келісімінің орындалуын бақылау. Миссия құрамында 1 000-нан 1 500-ге дейін әскери қызметші бар.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх