Италияда «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті

4 Шілде 2021, 12:15
2108
Бөлісу:
Италияда «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың итальян тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Қазақстанның Италиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Елші Ерболат Сембаев өз сөзінде кітаптың тәуелсіз жас елдің қалыптасуы туралы маңызды фактілерді ашатынын және Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс дәптерлері мен мұрағаттарында сақталған Тұңғыш Президенттің жеке тәжірибесі мен бақылауларына негізделгенін атап өтті.

Дипломат 2017 жылғы желтоқсанда жарыққа шыққан кітапты итальян тіліне аударудың маңыздылығын атап өтті, өйткені бүгінде Италия Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бірі болып табылады, сондай-ақ әлемде екінші және Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің тізімінде Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орын алады.

«Тәуелсіздік дәуірі» дамудың «қазақстандық моделінің» мәнін, оның эволюциясын, негізгі қағидаттарын, тетіктері мен қозғаушы күштерін толық сипаттайды. Кітапта сондай-ақ Қазақстанды жаңғыртудың үш толқынының мәні мен маңызы ашылады, осының арқасында тоталитарлық жүйені бөлшектеу және нарықтық экономика құру міндеттері сәтті шешілді, – деп атап өтті Е. Сембаев. 

Сонымен қатар, Елші бұл жетістіктер Н. Назарбаевтың қоғамдық және жеке дипломатиясының бірегей үлгісі болып табылатынын қосты.  Кітапта Тұңғыш Президенттің өзге мемлекет басшыларымен ресми және бейресми кездесулері туралы айтылған, олардың әрқайсысы Елбасы тұлғасының ел үшін бірегей тарихи рөлін көрсетеді.

Іс-шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев қорының презентациясы өтті, оның қызметі адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, дарынды жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған.

Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қордың Атқарушы директоры Игорь Рогов экономиканың өзіндік моделін қалыптастыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік саланы реформалау, сондай-ақ сауатты құрылған ұлтаралық бірліктің үйлесімді моделі сияқты тиімді мемлекеттіліктің негіздерін біркелкі дамыту мен нығайтуда жасалған қазақстандық табыстың формуласын атап өтті.

И. Рогов Елбасының халықаралық стратегиялық бастамаларының жетістіктерін атап өтіп, олардың арқасында еліміз әлемдік қоғамдастықтың кеңінен танылған, толыққанды және белсенді мүшесіне айналғанын баса айтты.

Іс-шараның спикерлері Италия Депутаттар палатасының Квесторы, «Қазақстан – Италия» парламенаралық достық тобының төрағасы Эдмондо Чириелли, Италия-Қазақстан Сауда палатасының төрағасы Паоло Гирелли, Қазақстанның Сицилия өңіріндегі Құрметті консулы Алессандро Арборио Мела Ди Сант ' Элия, "Vision & Global Trends" халықаралық жаһандық талдау институтының президенті Тиберио Грациани болды.

Іс-шара соңында Елші кітапты итальян тіліне аударудың арқасында жергілікті қоғамдастық, саясаткерлер, іскерлік және қоғамдық орта өкілдері, студенттер дамудың «қазақстандық моделінің» эволюциясымен танысып, Қазақстанның жаңа тарихының бұрын-соңды белгісіз жаңа қырларын және елдің жүріп өткен жолын аша алатынын атап өтті.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабының даналары Орталық Азияны зерттеумен айналысатын итальяндық ғылыми орталықтарға, Италияның кітапханалары мен жоғары оқу орындарына сыйға тартылады, бұл еліміздің қалыптасу тарихын және Елбасының Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жөніндегі идеяларын неғұрлым терең зерттеуге мүмкіндік береді.

Іс-шараның қонақтары Италия Парламентінің екі палатасының депутаттары, соның ішінде «Қазақстан - Италия» парламентаралық достық тобының мүшелері, іскерлік, қоғамдық, ғылыми және мәдени топтардың, инвестициялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Италияның БАҚ өкілдері болды.


 

Өзгелердің жаңалығы