Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ІТ-қауымдастықпен өткізген дәстүрлі кездесуінде айтты.
Сонымен қатар министр бизнес өкілдерін жаңа Жол картасын әзірлеуде белсенділік танытуға шақырды. Өйткені, 2017 жылы әзірленген Жол картасындағы іс-шаралар жоспарының басым бөлігі орындалған.
"Astana Hub" халықаралық технопаркінде өткен министрмен дәстүрлі кездесуге әр түрлі бейіндегі 100-ден астам кәсіпкер - стартап-жобаларының авторлары, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер осы салаға қатысты мәселелерді, сондай-ақ "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының аралық нәтижелерін талқылау үшін жиналды.
ІТ мамандары алдында сөз сөйлеген Асқар Жұмағалиев аталған саланы дамытудың Жол картасы бойынша жұмыс аясында қол жеткізілген басты жетістіктер туралы айтып берді.
Атап айтқанда, министр осы жылы ТЭН әзірлеу, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді интеграциялау үшін ақпараттық қауіпсіздікке аттестаттаудан өту қажеттілігі жойылғанын, бұл өз кезегінде жобаларды іске асыру мерзімін қысқартып, компаниялардың шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізетінін атап өтті. ИКТ-өнімнің экспорттық-импорттық операциялары бойынша рұқсат беру құжаттарының мерзімдері қысқартылды: экспорт – 15-тен 1 жұмыс күніне дейін, импорт - 15-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды. Сонымен қатар, сенімді өнімдердің тізілімі құрылып, ІТ-нарығына кепілдіктер беру және 3 жылдан астам мерзімге МЖӘ шартын жасасу мүмкіндігі бойынша заңнамаға нормалар енгізілді, венчурлік қаржыландыру туралы заң қабылданды, осының арқасында венчурлік қорлар мен бірлесіп қаржыландыру қағидаттары үшін құқықтық негіз құрылды, Астана Хаб қатысушылары үшін жеңілдетілген салық режимі және т.б. шаралар іске қосылды.
"Мұның бәрі – біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Менің ойымша, біз өте жақсы қарқын алдық және оны әрі қарай жалғастыру үшін, жаңа іс-қимыл жоспарын әзірлеп, оған жаңа міндеттер мен қазіргі Жол картасындағы кезегін күткен іс-шараларды қосу қажет. Бұл біздің орта мерзімді келешекке бірлесе құрған жұмыс жоспарымыз болмақ. Баршаңызды жаңа жұмыс жоспарын құруда белсенділік танытуға шақырамыз", - деді Асқар Жұмағалиев.
Сонымен қатар, Асқар Жұмағалиев бизнесмендерге жүргізіліп жатқан жұмысқа, импорт алмастыру бағдарламаларына қатысудың маңыздылығын айта келе, экспортқа бағдарлауды арттыру және Қазақстанда инновациялық экожүйені дамыту келешегін бірлесіп қалыптастыруда күш-жігерді шоғырландыру қажеттілігін еске салып өтті.
Кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз әріптестеріне оларды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырған Асқар Жұмағалиев министрліктің ІТ-қауымдастықпен өзара белсенді іс-қимылды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.