Исламабадта қазақстандық бастаманы қолдау мақсатында семинар өтті

5 Желтоқсан 2023, 04:26
503
Бөлісу:
Исламабадта қазақстандық бастаманы қолдау мақсатында семинар өтті
Фото: gov.kz

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның Елшілігі Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технологиялар комитетімен (COMSTECH) бірлесіп «Алшақтықты жою: биоқауіпсіздік және биологиялық қорғану режимдерін нығайту» тақырыбында семинар ұйымдастырды, оған Пәкістан, Сауд Арабиясы, Грузия, Нигерия, Уганда, Иордания, Өзбекстан, Қазақстан, Малайзия, АҚШ және т.б. сарапшылық топтар өкілдері қатысты.

Семинар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы барысында жариялаған Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (ХБҚА) құру жөніндегі қазақстандық бастамаға арналды.

Қазақстан тарапынан іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының биологиялық қауіпсіздік және биологиялық қорғану бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Сәлемдесу сөзін Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин және COMSTECH бас үйлестірушісі, профессор доктор Икбал Чоудхари сөйледі.

Екі күндік семинар барысында қолданыстағы конвенцияларды, шарттарды, келісімдерді іске асыру тетіктеріне шолу жүргізілді, сондай-ақ ұлттық және халықаралық деңгейдегі кемшіліктер мен проблемалар, халықаралық-құқықтық базадағы қайшылықтар талқыланды, халықаралық ынтымақтастық мәселелері, биологиялық тәуекелдерді басқару бағдарламаларын әзірлеу мақсатында, осы салалардағы реформаларды жүзеге асыру қажеттілігі және т.б.талқыланды.

Семинардың қорытындысы бойынша қатысушылар биологиялық қауіпсіздік және биологиялық қорғану саласындағы барлық қауіптер мен қатерлерді жаһандық деңгейде азайту қажеттілігі ретінде Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бойынша ұсынымдар қабылдады.

Елшілік Комитеттің Бас үйлестірушісі, профессор доктор Икбал Чоудхариге және оның командасына көмектері мен іс-шараны тамаша ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы