Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымымен жұмысын кеңейтуді жалғастыруда

1 Наурыз 2019, 09:55
3277
Бөлісу:
Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымымен жұмысын кеңейтуді жалғастыруда

Астана,  BAQ.KZ. Абу-Дабиде Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46-сессиясы жұмысын бастап, оған Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған Қазақстан делегациясы қатысуда. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Форумның қарсаңында Қазақстан СІМ басшысы ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф әл-Осейминмен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар ислам әлеміндегі саяси және экономикалық өмірдің ең өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарын теңестірді. Әлемдік тұрақтылықты сақтауға, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жүзеге асыруға аса көңіл бөлінді.

ИЫҰ Бас хатшысы Қазақстан және оның көшбасшысының Ұйымның қызметін қолдаудағы, мүше мемлекеттердің арасындағы сенім мен өзара қарым-қатынас атмосферасын нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. ИЫҰ қызметінде 2016 жылы Қазақстан мен Түркия Президенттері ұсынған Исламдық татуласу бастамасын іске асыру мәселесі ерекше орын алады. Бұл концепция ИЫҰ-ға мүше елдер арасында түрлі келіспеушіліктерді реттеу үшін кең және икемді платформа құруды көздейді. Осыған байланысты тараптар осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нақты шаралар кешені бойынша келісті.

2019 жылы Астанада Азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі ислам ұйымы Бас ассамблеясының екінші отырысы өтеді. Бұл ұйымды құру бастамашысы ретінде Елбасы Н.Назарбаев болып табылады. Қысқа мерзім ішінде бұл қоғамдастыққа Қазақстан ИЫҰ елдерінің азық-түлік хабы және агроөнеркәсіптік саясатты жоспарлау орталығы бола алады деп санайтын 32 мемлекет қосылды.

ИЫҰ Хатшылығы мен Ислам даму банкі (ИДБ) Қазақстан және басқа елдермен бірлесіп, біздің «Исламдық инфрақұрылымдық ықпалдастық» атты бастамамыздың іс жүзінде іске асырылуы бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта ИДБ «Көлік-географиялық ақпараттық жүйені» әзірлеп, бұл Азия, Таяу Шығыс және Африканың арасындағы көлік дәліздерінің қазіргі жағдайын және біріктіру жолдарын талдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бастама ИЫҰ мемлекеттері арасында тауарлар мен инвестициялар ағынын жеңілдету жағдайын жасауды көздейді.

2017 жылы Астана «ИЫҰ-ның 2026 жылға дейінгі Ғылым, технология және инновацияны дамыту жөніндегі бағдарламасы» қабылданған ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші Саммитін өткізді. Бұдан басқа, Қазақстанның ұсынысы бойынша ғылым мен технология саласында 15 жетекші мұсылман елдерінің диалог алаңын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Министрлер кездесуі барысында қазақстандық дипломат Асқар Мусинов ИЫҰ-ның Ғылым және технология жөніндегі Бас хатшысының орынбасары лауазымына ресми түрде кіріседі.

ИЫҰ Бас хатшысымен келіссөздердің маңызды бөлігі Ұйымды реформалау тақырыбы болды. Министр Б.Атамқұлов ИЫҰ-ның тез өзгеретін әлем талаптарына сәйкес келу үшін өзгерістер сөзсіз қажет екендігін атап өтті. БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық ұйым болып табылатын ИЫҰ-ның тиімділігін арттыру мүше мемлекеттердің де, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың да мүдделеріне қызмет етеді.

Сыртқы істер министрі ИЫҰ Бас хатшысы Ю. әл-Осейминді үстіміздегі жылғы 16-17 мамырда өтетін XII Астана экономикалық форумына шақырды. Форум жұмысына ИЫҰ елдерінің ірі инвесторлары да қатысатынына үміт білдірді.

Өзгелердің жаңалығы