Ислам даму банкінен бөлінген 115 млрд теңгені Алматы облысы қалай игереді?

Бүгiн, 15:44
320
Бөлісу:
Ислам даму банкінен бөлінген 115 млрд теңгені Алматы облысы қалай игереді?
Фото: gov.kz

Алматы облысында су қоймаларын сақтауға қаржы болмағандықтан, сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда басқарушылар заң талаптарын сақтамай, табиғатты ластауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су қоймалары 49 жыл жалға беріледі

Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткен халықаралық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкімен елдің су ресурстарын қаржыландыру туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Соның нәтижесінде елімізге 1 млрд 150 млн доллар инвестиция тартылатын болды. Сол қаржының 115 млрд теңгесі Алматы облысының су саласына бөлінбек. Себебі тозығы жеткен нысандардың барлығын жабдықтауға мемлекет тарапынан қаржы қарастырылмаған. Сондықтан су қоймаларын сақтау үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бірнеше нысанды жалға берген. Осылайша ондаған су қоймасы 49 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға өткен.

Жалға алған шаруалар егін, балық шаруашылығы, энергия өндірісіне пайдаланған. Алайда түрлі химикаттар қосып, халыққа зиянды іс-әрекеттерін байқаған табиғат қорғау прокуратурасы арнайы зерттеу жүргізіп, 8 нысанды мемлекетке қайтаруға жол жасады. Алдағы жылы жалға берген нысандардың барлығы есеп тапсырады. Сол кезде шикіліктерді анықтап, соған сай жұмыс істейміз. Ешқандай нысан жеке меншікке өткен жоқ, бұл қате ақпарат, - дейді облыстық су ресурстары және ирригация басқармасының бас маманы Елжас Мұсаханов.

Жалпы облыста 72 су қоймасы бар. Оған қосымша 117 тоған тіркелген. Өңір көлемінде Кеген мен Райымбек аудандарынан басқа аумақтардың барлығында су қоймалары орнатылған. Олардың барлығын қадағалап һәм бақылап отыруға жергілікті бюджетте ақша болмағандықтан жалға беруге тура келеді. Қараңыз, жалға берілген нысандарды қадағалау барысында сенімгерлікпен басқарушылар тарапынан заң бұзушылықтар анықталған. Олардың дені техникалық жай-күйін сақтау жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындамаған. Одан бөлек су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарына тексеру жүргізбеген. Бүгінде сот қорытындысы шығып, 5 нысан сот арқылы, қалғаны өзара келісім негізінде қайтарылды.

Аталған мәселе халықтың тұрмысы мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 8 басқарушымен келісім-шарт бұзылды. Жалпы көлемі 20 млдр теңгені құрайтын мүлік қайтадан мемлекет меншігіне өтті, - делінген прокуратураның хабарламасында.

Атап айтсақ, "К3", "Ворошиловское", "Байсерке 2", "Саз Талғар 7", "Есік көлі бөгеті" су қоймалары сот арқылы облыс әкімдігіне қайтарылды. Ал "Терең Қара" (жоғарғы), "К30/1", "Саз Талғар 4" су қоймаларын басқарушылар өз еркімен өткізіп берді. Бүгінде бұл нысандар облыс әкімдігіне қарасты "Алматы облводхоз" мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына тапсырылды. 8 су қоймасы облыс орталығына іргелес жатқан Іле, Қарасай, және Талғар ауданының аумағында орналасқан. Алдағы уақытта аталған нысандарға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізілуі мүмкін.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған су қоймаларын әрі қарай пайдалану үшін жеке инвесторларды тарту жоспарланған. Сол арқылы дамбыларды көтеріп, су жіберу шлюздарын жасақтамақ. Одан бөлек, су қоймаларының жағдайын жақсартып, әсіресе су тасқыны кезеңінде бақылауды күшейту қажет. Алдағы уақытта нысандар тұрақты мониторингтен өткізіледі.

Бұл жерде су ресурстарын барынша тиімді пайдалану маңызды. Ең алдымен су қоймаларын мемлекеттік басқаруға қайтару – олардың уақытылы жөнделуіне және дұрыс пайдаланылуына мүмкіндік береді. Ал оған қаржы құюға бейіл кәсіпкерлер табылса, облыстың бұл салада ісі алға жылжиды. Оған қоса жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджет кірісі артады. Қай жағынан да тиімдісі осы, - дейді Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова.

Мәселен, қос су қоймасы "Тереңқара" мен "Есік көлі бөгетіне" 23 млрд теңгеден астам инвестиция тарту туралы келісім жасалған. Соның нәтижесінде 200-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Бұл шаралар өңірдің ауыл шаруашылығы саласын ғана емес, тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз етеді. Ол ол ма, туристік инфрақұрылымның дамуына жағдай жасайды. Өңір экономикасына әжептеуір серпіліс береді.

Былтыр, облыс тұрғындар Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездескенде, жеке компаниялар өңірдегі өзендерді ластап, су көздерін бітеп тастайды ма деген алаңдаушылықтарын жеткізген. Соның нәтижесінде һәм ведомства басшысының тапсырмасына сай азаматтардың шағымын ескере отырып, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы кәсіпорынға жоспардан тыс тексеріс жүргізген еді. Тексеріс барысында, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463–і бабы – тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ операцияларды жүзеге асыру бойынша хаттама толтырған. Іс құжаттары сотқа жіберілді. Одан бөлек, Алматы облысы әкімдігіне Тереңқара өзенінің бойында су қорғау аймағын белгілеу бойынша ұсыныс жолданды.

Суармалы жерлер игерілмей жатыр

Кеңес дәуірінен келе жатқан суару желілері мен гидротехникалық құрылыс нысандары күрделі жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Сала мамандарының айтуынша, Алматы облысындағы су қоймаларының 60-70% қайта жаңғырту жұмыстары жасалынбаса, өңірдегі суармалы жерлер толық игерілмейді. Мәселен, бүгінде су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 23 мың гектарға ұлғайып, 43,6 мың гектарға жеткен. Бұл барлық суармалы алқабының 17%-ын ғана құрайды. Қазір жалпы аумағы 246,2 мың га жер егін шаруасына тиесілі. Өз кезегінде желілердің тозу деңгейі жоғары болуы су шығынын артуына әкеліп тірейді. Сондықтан соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым суару желілерін жаңғыртуға 15,3 млрд. теңге бөлінген.

Мемлекет басшысының қатысуымен Бакуде өткен саммит аясында Ислам даму банкімен елдің су ресурстарын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл қаржы институты 1 млрд 150 млн. долларды инвестициялауды жоспарлап отыр, оның бестен бір бөлігі, яки 20% немесе 115 млрд теңгесі біздің облысқа бағытталады. Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды бағыт – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға қосу. Анықталған 399 мың гектардың 86 мың гектары қайтарылды Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 2,8 мың гектарға ұлғайтылып, 460,1 мың гектарға дейін жеткізілді. Оның ішінде бидай алқабы 0,3 гектарға азайды, жем-шөп дақылдарының алқабы 178,7 мың гектарға көбейді, - дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, суару желілері мен гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозуына байланысты каналдардағы судың жоғалуы артып барады. Бұл мәселені шешу үшін облыста айналымнан шығып қалған 46,1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Ол үшін жалпы ұзындығы 1,8 мың км болатын 6 аудан мен Қонаев қаласында суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек. 2028 жылға дейін аталған жобаларды аяқтау жоспарланып отыр. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың км құрайды.

2022-2024 жылдары Райымбек, Кеген, Жамбыл, Талғар, Іле, Ұйғыр аудандары мен Қонаев қалаларының суару желілерін реконструкциялауға республикалық бюджеттен 12,9 млрд теңге бөлінген. 2021-2023 жылдары 650,1 млн.теңге сомасына 2 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізілген. Оның бірі – Жамбыл мен Талғар аудандарына ортақ болса, бірі – Іле ауданындағы канал саналады.

2022 жылдан бастап Алматы облысының құрылыс басқармасы 6 аудан мен Қонаев қаласында суару желілерін қайта жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда. 2022-2023 жылдары аталған жобаға республикалық бюджеттен 13,7 млрд теңге бөлінді. Айтап айтсақ, Райымбек – 3,2 млрд теңге, Кеген – 3,45 млрд теңге, Жамбыл – 1,5 млрд теңге, Іле – 1,5 млрд теңге, Талғар – 1,5 млрд теңге, Қонаев қаласы – 2,55 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, былтыр Ұйғыр ауданындағы ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жобасын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 600,0 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар ағымдағы жылы облыс әкімдігі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне 114,0 млрд. теңге сомаға өтінім жолдады, - дейді облыстық су ресурстары және ирригация басқармасының бас маманы Елжас Мұсаханов.

Ислам даму банкі (бұдан әрі – ИДБ) арқылы бөлінген қаржы Райымбек, Кеген, Жамбыл, Іле, Талғар, Ұйғыр және Қонаев қаласының суару желілерін қайта құру жобаларына жұмсалады. Бүгінде бұл өтінімді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қолдап, ИДБ мақұлдады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде 4 жобаны, екінші кезеңде 3 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың 3 тоқсанында басталды.

Іле өзенінің атырауындағы су ағынын арттыру үшін жыл сайын Балқаш көліне құятын арналарды механикаландырылған тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде Балқаш көлінің деңгейінің айтарлықтай циклдік ауытқулары байқалады. Оған бірден бір себеп, көлге құятын трансшекаралық өзендердің ағынының бәсендеуі мен Іле өзені бассейнінің жоғарғы бөлігінде жиналған суды тұтыну көлемінің артуы. Халық саны жылдан жылға артып барады, соған сай суды пайдалану көлемі де артады. Қапшағай су қоймасын сақтап қалу үшін су үнемдеу үдерісінен бөлек, трансшекаралық өзендердің жайын шешіп алуымыз қажет. Іле өзені көптеген сағаларға, тармақтарға бөлінеді. Оның сағаларында жекелеген учаскелер лайланып жатыр, - дейді сушы Естай Жалғарбаев.

Қазір өңірде су қоймалары арқылы туризм мен балық шаруашылығын дамыту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін қаржылық жүктемені азайтуға жәрдемдеседі. Осы ретте жеке инвестицияларды тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және шағын бизнесті дамытудың маңызы артады. Егістік алқабын көбейту үшін Алматы облысына әлі де бірнеше су қоймасы қажет.

Өзгелердің жаңалығы