Көпбалалы аналарға арналған ISKER ANA бағдарламасы іске қосылды

28 Қазан 2019, 14:01
5941
Бөлісу:
Көпбалалы аналарға арналған ISKER ANA бағдарламасы іске қосылды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыдағы "Бақытты отбасы" орталықтарының басшылары арнайы баспасөз мәжілісін өткізіп, жаңа бастамаларымен таныстырды.

Орталық басшылары қаладағы жұмыссыз жүрген көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып немесе олардың өз бизнесін бастауына жағдай жасалып жатқандарын айтты. Яғни, "балық берме, қармақ бер" қағидасы іске асырылып жатыр.

"Қаладағы "Бақытты отбасы" орталықтарының барлығы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Біздің басты мақсатымыз – көпбалалы аналарды қиын жағдайдан алып шығу. Ол үшін отбасы мүшелерін жұмыспен қамту қажет немесе өз кәсібін ашуына жағдай жасау керек. Аналарды жұмыспен қамту ісімен тек біздің орталық қана емес, жұмыспен қамту орталығы да "Еңбек" бағдарламасы аясында айналысып жатыр. Сондай-ақ, қаладағы "Бақытты отбасы" орталықтарының барлығында 20 күндік қысқамерзімді оқыту курстары жүргізіліп жатыр. Онда шаштараз, аспаз, тігін, сән индустриясы және басқа кәсіп бойынша оқытады", - дейді Әуезов ауданы бойынша "Бақытты отбасы" орталығының басшысы Ақнұр Жұмабаева. 

Сондай-ақ, ол аналардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін Бизнес бастау аясында ISKER ANA бағдарламасы іске қосылғанын жеткізді.

"Бұл бағдарламаның мақсаты – аналардың бизнесін ұйымдастыру, әлеуметтік саланы дамыту, жұмыссыздықты азайту. Осы бағдарлама аясында бизнес жоспарын жасап келген аналар 500 мың теңгеге дейінгі мемлекеттің грантын ала алады", - дейді ол.

Наурызбай ауданы бойынша "Бақытты отбасы" орталығының басшысы Сана Жандай аналар баламен отырғандықтан күні бойы жұмыс істей алмайтынын, тек арасында барып келіп істейтін жұмыстар тиімді екенін айтады.

"Көпбалалы аналар сән индустриясы, тәттілер әзірлеу, тігін сияқты үйде отырып жасайтын кәсіпті таңдауда. Дегенмен, біз өз тарапымыздан оларға жаңа бағыттар бойынша кеңестер беріп отырамыз. Мен өзім қағаз өңдеу саласы бойынша кәсібім бар. Міне, аналарға қағаз дорбаларды жасауда идея беріп отырамын. Өйткені жаңа жылдан бастап елімізде полиэтиленді дорбашаларға шектеу қойылады", - дейді ол.

Алматы қаласында 8 "Бақытты отбасы" орталығы бар. Қысқамерзімді оқу курсы ашылғалы қала бойынша 200-ден аса ана кәсіптік білім алыпты.

Өзгелердің жаңалығы