Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ішкі істер саласына арналған Сенаттағы Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоға қарасты біраз функция басқаларға берілетінін айтты.
Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын қажет емес функциялардан босатуды тапсырды.Оның айтуынша, былтыр 72 нысан берілген. Олардың қатарында қалалық әкімдіктер, арнайы медициналық жабдықтау, жарылғыш заттарды сақтау қоймалары бар.
Бұл жұмыс - Президент жанындағы құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау комиссиясының қолдауымен жүргізілуде. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Аомиссияның қарауына тиісті ұсыныстар енгізілді. Бірқатар объектіні күзету функциясы бәсекелес ортаға берілді, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Биыл тағы 581 нысан беріледі. Сөйтіп, 3 мың штаттық бірлік босатылады.
Екіншісі – көші-қон қызметінің кейбір функцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру.
Бүгінде көші-қон полициясы 60 қызметті жүзеге асырады. Оның көбі полициямен байланысты емес.
Мысалы, босқындармен жұмыс, оларға әлеуметтік көмек көрсету.
Еңбек иммигранттарына жеке тұлғаларға жалданып жұмыс істеуге рұқсат беру. Көп жағдайда, рұқсат беру функциясы - жергілікті әкімдік құзырында. Ал заңсыз көші-қонмен күрес, құжаттандыру, визалық жұмыс, реадмиссия және азаматтық беру функциялары Ішкі істер министрлігінде қалады, - деді министр.Сондай-ақ сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын Денсаулық сақтау министрлігіне беру көзделіп отыр.
Бұл бойынша ұсыныс дайын. Биыл тиісті заңнама әзірленеді. Келесі жылы кәмелетке толмағандар мен әйелдерді ұстауға арналған тергеу изоляторларындағы медициналық функцияларды Денсаулық сақтау министрлігіне беру жоспарлануда. 2023 жылы қылмыстық атқару жүйесінің барлық медициналық қызметі Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі, - деді ЕрланТұрғымбаев.
Ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға көмектесу функциялары жергілікті атқарушы органдарға беріледі.
Олардың қатарында:
- медициналық, психологиялық көмек беру;
- Жұмыспен қамтамасыз ету орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру;
- білім алуға көмектесу;
- құжаттарды алу және қалпына келтіру функциялары бар.