Ішкі істер министрі жаңа қызметке тағайындалды

16 Қазан 2023, 11:29
836
Бөлісу:
Ішкі істер министрі жаңа қызметке тағайындалды
Фото: ІІМ ресми сайты

Ержан Саденов “Динамо” спорт қоғамының төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ІІМ ресми сайтына сілтеме жасап.

ІІМ-де “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамы” қоғамдық бірлестігі төралқасының отырысы өтті.

Жиында спорттық қоғамдастық мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен Ішкі істер министрі Ержан Саденов қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып сайланды. “Динамо” ұйымы – қазақстандық спорттың қайнар көзі.

ІІМ және “Динамо” спартакиадаларының танымалдығы жыл сайын артып келеді. Бұған әртүрлі спорт түрі бойынша сайысқа қатысушылардың санының артқандығы дәлел бола алады. Биыл халықаралық жарыстарда “Динамо” тәрбиеленушілері 100-ден астам медаль жеңіп алды. Мәселен, жазғы Азия ойындарында қазақстандықтар жеңіп алған 80 жүлденің 43-і “Динамо” спортшыларына тиесілі. 10 алтын жүлде біздің спортшыларымыздың қоржынында, – деді “Динамо” спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов.

Төралқа мүшелері жұмысты қорытындылап қана қоймай, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындады. Ержан Саденов өңірлердегі полиция департаменттерінің бастықтарына “Динамо” филиалдарымен бірлесіп, бұқаралық спортты дамытуға белсенді қатысуды тапсырды.

Спорттық ұйымның мақсаты * спортта жетістікке жету ғана емес, сонымен қатар балалар қылмысының алдын алу. Спорт – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы негізгі құралдардың бірі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған секцияларды көбейту қажет. Өскелең ұрпаққа көңіл бөлу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Олардың спортқа деген қызығушылығын оятып, өз қамқорлығымызға алу арқылы балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береміз, – деп атап өтті министр.

“Динамо” ұйымында 102 еңбек сіңірген спорт шебері, 253 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 574 Қазақстан Республикасының спорт шебері дайындалды. Еліміздегі ұлттық құрама мүшелерінің 80%-ын осы спорт қоғамының өкілдері құрайды.

Өзгелердің жаңалығы