Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың 2023 жылға жоспарланған халықпен кездесуі Маңғыстау өңірінен басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Достық” үйінде өткен кездесу барысында ведомство басшысы азаматтарға ең алдымен Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету концепциясы туралы айтты. Сонымен қатар шара барысында аймақтағы криминогендік ахуал туралы ақпарат берілді. Министр жалпы қылмыстың 66%-ы облыс орталығында жасалатынын атап өтті. Маңғыстауда 71 ұрлық, 1 мал ұрлығы, сондай-ақ жыл басынан бері бір ай ішінде 26 алаяқтық фактісі тіркелгені айтылды.
Өңірде әкімдік пен полицияның нәтижелі жұмысының арқасында көпшілікке үлгі болған ауылдар туралы да мағлұмат берілді. Маңғыстау ауданының Оңды ауылы мен Түпқараған ауданының Таушық ауылында қабылданған шаралардың тиімділігінің арқасында бірде-бір қылмыс орын алмаған.
Марат Ахметжанов әдеттегісінше аймақ журналистерімен жүздесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Ал даулы мәселемен жүгінген азаматтарды министр жеке қабылдады.
Министр облыстық полиция департаментінде де болды. Мұражайға соғып, өлке полициясының тарихымен танысты.
Департамент аумағында орналасқан “Динамо” дене шынықтыру – спорт қоғамының ғимаратын аралады. Ал қалалық полиция басқармасында ведомство басшысы кабинеттердің жарақтандырылуын тексеріп, жергілікті полицейлердің жұмысын зерделеді.
Сонымен қатар мұнда министр облыстың бас полицейі Аян Дүйсембаевпен бірге басқармадағы “Динамо” спорт кешенінің тұсауын кесті. Бұл ғимарат аймақтағы полиция басшылығының қолдауымен қайта қызметкерлерге берілді.
Абай атындағы достық үйінде Марат Ахметжанов Маңғыстау облысы полициясының жеке құрамымен кездесті. Жиналыс соңында жоғары нәтижелі жұмысымен көзге түскен 15 қызметкерді марапаттады. Олардың қатарында жоғарыда аталған Таушық пен Оңды ауылдарының учаскелік инспекторлары да бар.