Ішкі істер министрі баланы өрттен құтқарған ұландықты марапаттады

29 Маусым 2021, 20:12
2494
Бөлісу:
Ішкі істер министрі баланы өрттен құтқарған ұландықты марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінде өртеніп жатқан пәтерден баланы құтқарып қалған әскери қызметші марапатталды.

Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады. 

Еліміздің Ішкі істер министрінің бұйрығымен ефрейтор Аслан Қожахметовке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.

Награданы жауынгерге 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Мұхамедов тапсырып, жеке құрам атынан Аслан Қожахметовке батыл әрекеті үшін алғыс білдірді.

Ефрейтор Қожахметов сол күні демалыс болғанына қарамастан, бейбіт тұрғындарды қиындықта қалдырған жоқ. Біздің басты міндетіміз – кез келген жағдайда, тіпті өмірімізге қауіп төндіретін болса да, азаматтарға көмек көрсету. Аслан осы міндетті абыройлы орындай білді, – деді Нұрлан Санжарұлы.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан жауынгері осы әрекеті үшін Төтенше жағдайлар министрінің алғыс хатымен де марапатталғанын атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, 10 маусымда әскери қызметші қою түтінді байқап, айғайлап көмекке шақырған әжейдің даусын естиді. Дереу түтіндеген пәтерге жүгіріп келіп, ас үйден өртті өз күшімен сөндіруге тырысып жатқан баланы көреді. Жағдайды бағалаған Аслан бірден баланы қауіпсіз жерге алып шығады. Жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне хабарласып, өрт шыққан кіреберістің басқа да тұрғындарын эвакуациялауға көмектеседі.


Өзгелердің жаңалығы