Ірі мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 5 жылдық жоспары бекітілді

6 Желтоқсан 2023, 14:51
525
Бөлісу:
Ірі мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 5 жылдық жоспары бекітілді
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

ҚР Үкіметі ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. 

Қабылданған кешенді жоспар мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, сондай-ақ мұнай-газ-химия салаларында 20 маңызды жобаны іске асыруға бағытталған. 

Жобаларды іске асыруға $37,3 млрд көлемінде инвестициялар тарту көзделіп отыр. 

Атап айтқанда, құжатта 2027 жылға қарай Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін 105,5 млн тоннаға дейін және газ өндіру деңгейін 82,1 млрд м3 дейін арттыруға бағытталған ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспарланған. 

Бұдан басқа ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында үш жобаны іске асыру көзделген. 

2029 жылға қарай Шымкент МӨЗ-інде өндіріс қуаты 6-дан 12 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде елімізде жылына 18 млн тонна мұнай өнімдері өндірілетін болады. 

Мұнай-газ-химия саласына қатысты қуаты 9,1 млрд м3 газ тазартқыш кешенінің инфрақұрылымдық жобасымен қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін салу сияқты жобаларды іске асыру мұнай-газ және химия өнімдерін өндіру көлемін едәуір ұлғайтуға, ірі инвестициялар тартуға және Теңіз кен орны шикізатының барлық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. 

Сонымен қатар геологиялық барлау жобаларын іске асыру және кен орындарын игеру аясында инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $10 млрд-ты құрайтын 7 жоба көзделген.

Өзгелердің жаңалығы