Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес – Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің басым міндеттерінің бірі. Биылғы жылдың 9 айында бюджетке тек ірі бизнесті тексеру нәтижесінде 47 миллиард теңге қайтарылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
МКД 2022 жылдың 9 айындағы қызметін қорытындылады. Алқа жұмысына өңір басшысы Жеңіс Қасымбек қатысты.
Мемлекеттік бюджетке берешектің едәуір көлемі ірі салық төлеушілерді тексеру кезінде тіркелді. Кәсіпкерлерге 47 миллиард теңге қосымша есептелді. Осы сомадан нақты түсім шамамен 10 миллиард теңге.
Есепті кезеңде Департамент қызметкерлері айналымнан 32 мың литрден астам алкоголь өнімін және 7 мыңға жуық темекі өнімін алып үлгерді. Лицензияның жоқтығына байланысты 14 әкімшілік хаттама жасалды, темекі өнімдерін сатушыларға 460 мың теңгеге айыппұл салынды.
9 ай ішінде бюджеттің атқарылуы 100%-дан асты. «Қазақмыс» компаниялар тобы жаңа Ұлытау облысына қайта тіркегеніне қарамастан, барлық көрсеткіштер орындалды. Сондай-ақ, біз жұртшылыққа салық салудың проблемалық мәселелерін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жиі қойылатын ең өзекті сұрақтарды дайындадық, брошюра шығарылды. Жадынама барлық мемлекеттік кіріс органдарында бар, оған 50-ден астам сұрақ енгізілген. Сонымен қатар, мектептердің 9–11 сынып оқушылары үшін «Салықтар дегеніміз не?» деген тақырыпта лекциялар әзірлеп, салықтың не үшін төленетінін түсіндіреміз, – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әнуар Мәдиев.
Алқа жұмысының соңында Жеңіс Қасымбек МКД қызметкерлерін алдағы ұлттық валюта күнімен және қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен құттықтады.