Қазақстан IRENA өкілеттіктерді тексеру комитеті құрамына сайланды

15 Қаңтар 2019, 17:12
3559
Бөлісу:
Қазақстан IRENA өкілеттіктерді тексеру комитеті құрамына сайланды

Астана, BAQ.KZ. 11-14 қаңтарда Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде Тұрақты даму апталығы өтті. Оның аясында Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің ассамблеясы (IRENA) және Болашақ энергиясының дүниежүзілік саммиті (World Future Energy Summit) болды. 


Аталған шараларға басшысы Рапиль Жошыбаев бастаған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының делегациясы қатысты.   

Бүгінгі таңда IRENA құрамына Еуропалық одақпен қоса, 159 мемлекет кіреді. Бұдан басқа 24 мемлекет ұйымға қосылуға ниет білдірген. Агенттікке мүше болу арқылы мемлекеттер ұлттық деңгейде жаңартылатын энергияны дамыту тәжірибелерімен алмасып, туындаған мәселелерді шешуде ортақ ұстанымды қалыптастыруға қатыса алады.

2013 жылдан бері ұйымға мүше Қазақстан ассамблеяның пленарлық бөлігінде IRENA-ға мүше 9 мемлекеттің өкілдерінен тұратын басты орган – Өкілеттіктерді тексеру жөніндегі комитеттің құрамына сайланды.

Рапиль Жошыбаев пен IRENA бас директоры Аднан Амин арасында халықаралық агенттіктің сарапшылық әлеуетін пайдалану тәжірибесімен алмасу және Қазақстандағы жобаларды іске асыруға техникалық, қаржылық көмек көрсету бойынша екіжақты келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер нәтижесі бойынша басшылар арадағы келісімдерді жүзеге асыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңартылатын энергияны дамыту саясатының үйлесімді жалғасы болып отыр.

Өткен 9 IRENA ассамблеясының шеңберінде ұйымға мүше елдер делегациясының басшылары әлемде жаңартылатын энергияны пайдалануды кеңейте түсу және энергия тапшылығымен халықаралық деңгейде күресуге ықпал ететін жаңа технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы баяндамалар жасады. Аралдардағы шағын мемлекеттердің өкілдері өз елдерінің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін жаһандық жылыну мен теңіз деңгейінің көтерілу қаупімен байланысты алаңдаушылықтарын білдіріп, әлемдік қоғамдастықты жаңартылатын энергияны қарқынды дамытуға шақырды.

Сондай-ақ, 14 қаңтарда жыл сайынғы Болашақ энергиясы дүниежүзілік саммитінің ашылуы болды. Оған мемлекет және үкімет басшылары, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, әлемдік экономиканы «жасылдандыру» процесіне өз үлесін қосып жүрген ғылыми және іскерлік топтардың өкілдері қатысты. Саммиттің мақсаты – әлемдік қоғамдастыққа таза тұрақты энергияны пайдалануға шұғыл көшу қажеттілігін көрсету.

Саммитті ұйымдастырушы – жаңартылатын энергия саласында қызмет ететін және астананың айналасына тек таза энергияны тұтынатын аттас спутник-қала салып жатқан танымал Masdar араб компаниясы.

Қазақстандық орталықтың басшысы Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Ресей бойынша компанияның бас директоры Ахмед Аль Абадимен кездесті. Кездесу барысында тараптар тығыз қарым-қатынас жүргізуге, жаңартылатын энергия саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге, ғылыми-білім бағдарламаларында ынтымақтастық орнатуға және ғылыми-зерттеу жұмысында тәжірибе алмасуға мүдделі екендерін білдірді. Ортақ өзара іс-қимыл жөнінде келісім жасау туралы сөз байласты.
Өзгелердің жаңалығы