Иранның күні кеше қаза тапқан жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеидің жұбайы Мансуре Ходжасте қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Иранның мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, ол резиденцияға жасалған соққы кезінде алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған. Бұған дейін Мансуре Ходжасте ауыр хәлде комада жатқаны айтылған еді.
Еске салсақ, Дональд Трамп Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Али Хаменеидің қаза тапқанын мәлімдеді. АҚШ президенті бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады.
Сонымен қатар, Fars News Agency агенттігінің хабарлауынша, шабуыл салдарынан Али Хаменеидің қызы, күйеу баласы және немересі қаза тапқан. Агенттік сондай-ақ «кейбір мәліметтер бойынша, Хаменеи әулетінің келіндерінің бірі де шабуылдардан қаза тапқан болуы мүмкін» деп хабарлады.
Тегеранда жоғарғы рухани көсемінің өлімінен кейін мыңдаған адам алаңға шықты. Жиналғандар Иран туын желбіретіп, Хаменеидің суреттерін ұстап шыққан. Сондай-ақ Мешхед қаласындағы имам Реза кесенесі маңында да еске алу шарасы өтті.
Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи 1989 жылдан бері елдің саяси жүйесіндегі ең ықпалды тұлға болды. Оның билігі тұсында Иран аймақтық геосаясаттағы негізгі ойыншылардың біріне айналып, Батыспен күрделі қарым-қатынас кезеңін бастан өткерді.