Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қазақстандық тарап Ирандағы Әзірбайжан елшілігінде болған террорлық шабуылға байланысты қауіпсіздікті күшейту немесе қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау жоспарланып отырған жоқ.
Бұл бірлі-жарым жағдай. Егер Иранда орналасқан елшіліктерге шабуылдар бірінен соң бірі болса, басқаша әрекет етер едік. Елшілік штаттық режимде жұмыс істеп тұр, - деп түсіндірді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Белгілі болғандай, Ирандағы бұл оқиғадан еліміздің азаматтары зардап шекпеген.
Еске сала кетейік, 27 қаңтарда Иран Ислам Республикасындағы Әзірбайжан Республикасының елшілігіне террорлық акт болған еді.
Шабуылдаушы күзет бекетіне автоматтан оқ жаудырып, салдарынан қауіпсіздік қызметінің басшысы қаза тапты. Сондай-ақ елшіліктің екі күзет қызметкері жараланды. Қазіргі уақытта терактті зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әзірбайжан елшілік қызметкерлері мен олардың отбасыларын елдеріне эвакуациялады. Сондай-ақ опат болған қызметкердің денесі арнайы бөлінген ұшақпен Бакуге жеткізілгені айтылды.