Иранда инфляция Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі деңгейге жетті

Иран Орталық банкі инфляция көрсеткіштерінің тарихи маңызына қатысты ресми түсініктеме бермеген. 

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 17:30
Бүгiн 2026, 17:30
165
Фото: istockphoto.com

Иранда жылдық инфляция мамыр айында Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен бері болмаған деңгейге жетті. Бұл ел тұрғындары күнделікті өмірде сезініп отырған экономикалық қысымның күшейгенін көрсетеді, деп жазады AP News. Сарапшылар мұндай жағдай Ислам республикасы Израиль және АҚШ-пен қақтығыстың қайта өршу қаупінен қауіптеніп отырған тұста қалыптасып отырғанын айтады.

Орталық банк алғаш рет жағдайдың күрделі екенін растады

Дүйсенбі күні жарияланған Иран Орталық банкінің есебі тұрғындардың бұрыннан байқап жүрген мәселесін ресми түрде растады. Сауда жасау, такси қызметін пайдалану немесе медициналық көмек алу кезінде ирандықтар риал құнының айтарлықтай әлсірегенін сезініп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, соғыс қаупі мен белгісіздік ұлттық валютаның құнсыздануын күшейтіп, халықтың сатып алу қабілетін төмендеткен.

Мәселе тек санкцияда емес

Экономикалық қиындықтарға тек сыртқы факторлар емес, ішкі проблемалар да әсер етіп отыр. Елдегі тиімсіз басқару, мемлекеттік деңгейдегі жемқорлық және мұнайға тәуелді экономика Иранның қаржылық тұрақтылығына кері ықпал етуде.

Сонымен қатар АҚШ-тың ұзақ жылдар бойы сақталып отырған шектеулері мен қысымы да экономикалық жағдайды ауырлатып отыр.

Инфляция халық наразылығын күшейтуі мүмкін

Бұған дейін экономикалық қиындықтар Иранда бірнеше мәрте жаппай наразылықтарға себеп болған. Белсенділердің бағалауынша, қаңтар айындағы наразылықтарды басу кезінде 7 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Қазір билік жаңа толқулардың алдын алуға тырысып жатыр. Соған қарамастан сарапшылар халық жоғары баға салдарынан отбасын асырай алмай қалса, жаңа наразылықтар қайта басталуы мүмкін деп есептейді.

Ирандық сарапшы Мохсен Джалильвандтың айтуынша, егер саяси және қауіпсіздік жағдайы тұрақталмаса, елде жаз соңына қарай жаңа әлеуметтік толқулар тууы ықтимал.

Егер Трамп Ираннан ресми бейбіт келісімсіз кетсе, онда жаз соңына қарай қаңтардағы жағдайға ұқсас ахуалды көруіміз мүмкін. Бұған экономикалық және әлеуметтік жағдай себеп болады, – деді ол.

Баға бір жылда 77%-дан астам өсті

Иран Орталық банкінің мәліметінше, мамыр айында тұтыну бағалары индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77,2%-ға жеткен. Бұл сәуір айымен салыстырғанда тағы 8,5%-ға жоғары.

Күнделікті тұтыну тауарлары мен қызметтеріндегі өсім бұдан да жоғары болған. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек, такси бағасы, темекі өнімдері және байланыс қызметтері бір жылда 113,8%-ға қымбаттаған.

AP News мәліметінше, Ирандағы ең жоғары инфляция көрсеткіші 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тіркелген. Сол кезде британ және кеңес әскерлерінің басып кіруі логистиканы бұзып, азық-түлік тапшылығын туғызған.

Азық-түлік жетіспеушілігі, егіннің шықпай қалуы, гиперинфляция мен аштық халыққа ауыр соққы болды. Сол кезеңде аштық пен сүзек індеті көптеген адамның өмірін жалмаған.

Жекеменшік экономикалық талдау орталығы – Bamdad экономикалық зерттеулер институты қазіргі көрсеткіштерді «Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі бұрын-соңды болмаған қарқын» деп бағалады.

Алайда Иран Орталық банкі бұл көрсеткіштердің тарихи маңызына қатысты ресми түсініктеме бермеген. 

Наверх