Иран уранды ел аумағынан шығарудан бас тартып, байыту деңгейін өз ішінде төмендетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Дереккөздің айтуынша, Тегеран халықаралық Атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бақылауымен уран байыту деңгейін өз аумағында қысқартуға келісім білдірген, алайда оны елден тыс жерге шығару идеясын қабылдамай отыр.
Сонымен қатар, Иран тарапы АҚШ ұсынған уранды байытуды толық тоқтату жөніндегі ұзақ мерзімді талаптарды да қабылдамағаны айтылды. Вашингтонның ирандық жоғары байытылған уранды Ресейге немесе үшінші елге тасымалдау ұсынысынан да бас тартылған.
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін мұндай уранды бейбіт мақсаттағы халықаралық ынтымақтастық аясында сенімді елге беру жөніндегі ұсыныстардың әлі де өзекті екенін айтқан болатын.
Қазіргі таңда тараптар ядролық бағдарлама төңірегіндегі келіссөздер мен өзара талаптар мәселесінде ортақ шешімге келе алмай отыр.