Иран президенті Масуд Пезешкиян сыртқы экономикалық қысымның күшеюіне байланысты Үкіметтің арнайы жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді. Бұл туралы ИРНА агенттігі хабарлады.
Пезешкиянның айтуынша, атқарушы билік елдегі қалыптасқан ерекше жағдайға байланысты басқару құрылымын қайта ұйымдастырып, ахуалды бақылауға бағытталған жаңа жұмыс тәртібін енгізген.
Иран президенті соңғы айларда елдің қарсыластары энергетика, қаржы және логистика секілді негізгі секторларға қысым жасауға тырысқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл әрекеттердің мақсаты – жасанды тапшылық қалыптастырып, халықтың қаржылық жүктемесін арттыру арқылы әлеуметтік наразылықты күшейту.
Пезешкиян Иранға жасалып отырған экономикалық қысымның айтарлықтай өскенін айтты. Алайда оның мәлімдеуінше, үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары мен халықтың табандылығы нәтижесінде қарсы тараптың негізгі жоспарларын жүзеге асыруға жол берілмеген.
Иран билігінің мәлімдемесіне сәйкес, Үкіметтің жаңа жұмыс режимі экономикалық қысым жағдайында елдегі маңызды салалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және жағдайды бақылауда ұстауға бағытталған.