Иран Ормуз бұғазын уақытша жапқанын мәлімдеді. Тегеранның мәлімдеуінше, бұған белгіленбеген бағытпен жүзіп, навигациялық жүйесін өшірген кеме себеп болған.
Reuters агенттігінің жазуынша, Иран Ислам революсы сақшылар корпусының (КСИР) әскери-теңіз күштері кеме теңіз қауіпсіздігіне қауіп төндіргендіктен тоқтатылғанын хабарлады. Сондай-ақ бірнеше кеме ескертуге қарамастан рұқсат етілмеген бағытпен жүруге әрекеттенгені айтылды.
КСИР мәліметінше, Ормуз бұғазы «қосымша хабарламаға дейін» және «АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанға дейін» жабық болады. Иран тарапы кез келген әскери әрекетке қатаң жауап берілетінін де ескертті.
Ал АҚШ бұған дейін Ираннан Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына кедергі келтірмеуді және халықаралық теңіз жолдарының ашық болатынына кепілдік беруді талап еткен.
Сонымен қатар Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оманда осы мәселеге қатысты келіссөздер өткізді. Оман тарапы бұғаз арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету тетіктерін талқылау үшін техникалық және саяси деңгейдегі консультациялар жалғасатынын мәлімдеді.
Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі. Қақтығысқа дейін әлемдік мұнай экспортының шамамен 20 пайызы осы бұғаз арқылы тасымалданған. Сарапшылар оның жабылуы жаһандық энергия нарығына және мұнай бағасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтады.