Иран Ормуз бұғазы Тегеранмен ынтымақтасатын тараптар үшін ғана ашық болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар бұғаз арқылы өтудің жаңа механизмі аясында көрсетілетін «арнайы қызметтер» үшін ақы алынбақ.
Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Эбрахим Азизи америкалық Х әлеуметтік желісінде жазды. Ол Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын бақылау механизміне қатысты ақпаратқа пікір білдірген.
Азизидің айтуынша, егжей-тегжейі кейінірек жарияланатын бұл механизм «Иранның ұлттық егемендігі мен халықаралық сауда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында» әзірленген.
Оның сөзінше, Ормуз бұғазы арқылы өту арнайы белгіленген маршрутпен жүзеге асырылады.
Бұл процесс аясында маршрутты тек Иранмен ынтымақтасатын тараптар мен сауда кемелері пайдалана алады. Аталған механизм шеңберінде ұсынылатын арнайы қызметтер үшін тиісті ақы алынады, – деді Азизи.
Ирандық депутат АҚШ «Ормуз бұғазында тұрып қалған кемелердің қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған» деп сипаттайтын «Бостандық жобасы» операциясын да атап өтті.
Бұл маршрут “Бостандық жобасы” деп аталатын операторлар үшін жабық күйінде қалады, – деді ол.
28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан кейін басталған соғыс кезінде Тегеран Ормуз бұғазын жауып, ол арқылы «рұқсатсыз» өтпек болған кемелерге зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасаған.
Бұған дейін Иран билігі парламентте соғыс аяқталғаннан кейін Ормуз бұғазы арқылы «қауіпсіз өту» үшін ақы алуды көздейтін заң жобасы дайындалғанын хабарлаған еді.
Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи бұған дейін ел Ормуз бұғазында «жаңа басқару жоспарын» енгізуді көздеп отырғанын мәлімдеген.