Иран Ормуз бұғазы арқылы өту ережесін бұзған 45 кемені қара тізімге енгізді

Тізімге мұнай танкерлері мен газ тасымалдайтын кемелер кірді.

 depositphotos.com 25 Тамыз 2026, 06:36
25 Тамыз 2026, 06:36
247
Фото: depositphotos.com

Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы өту ережелерін бұзды деп айыпталған 45 кемені қара тізімге енгізді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Кемелердің иелеріне айыппұл салынуы мүмкін. Ал танкерлердің өздері ұсталып, олар тасымалдап отырған жүктер тәркіленуі ықтимал.

Тегеран кемелердің нақты қандай ережелерді бұзғанын нақтылаған жоқ. Бұған дейін Иран билігі кеме иелерінен бұғаз арқылы өтуге рұқсат алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтерінің ақысын төлеуді талап еткен.

Қара тізімге, соның ішінде, БАӘ-нің ADNOC мұнай компаниясының логистикалық бөлімшесіне және Сауд Арабиясының ұлттық тасымалдаушысы Bahri компаниясына тиесілі кемелер кірді. Шектеулер аталған кемелермен бірге жүк тиеу-түсіру операцияларына қатысатын басқа кемелерге де қолданылуы мүмкін.

Кемені қара тізімнен шығару үшін оның иесі Иранның теңіз органдарына өтініш беріп, өз талабын негіздеуі тиіс. Алайда қандай құжаттар мен мәліметтер қажет болатыны әзірге нақтыланбаған.

Тегеранның бұл шешімі АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы экономикалық соғыс жариялағанын мәлімдегеннен бірнеше күн өткен соң қабылданды. Иран тарапы АҚШ-тың жаңа шараларына «жойқын» жауап беруге уәде етті.

Соғыс басталғанға дейін Парсы шығанағындағы елдер әлемдік шикі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен 20%-ын қамтамасыз еткен. Қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы танкерлердің қозғалысы азайды.

АҚШ энергетика министрі Крис Райттың мәліметінше, соңғы аптада бұл бағыт арқылы тәулігіне орта есеппен 8 млн баррельден астам мұнай шығарылған.

Наверх