Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бағаи Тегеран мен Маскат арасында Ормуз бұғазы мәселесі бойынша келіссөздерде ілгерілеу бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, консультациялар «оң және сындарлы» жағдайда өтіп жатыр.
Багаидың сөзінше, Иран мен Оман бұғаз арқылы теңіз кемелерінің қозғалыс бағыттарын айқындайтын карта бойынша келісімге келген. Алайда екі тараптың бірлескен мәлімдемесіне қатысты техникалық мәселелер әлі де пысықталуда.
Багаи сондай-ақ Вашингтонды келіссөздер үдерісіне кедергі келтіріп отыр деп айыптады.
Иран мен Оман арасындағы келіссөздер Ормуз бұғазындағы жағдайдың әлі де шиеленісті кезеңінде өтіп жатыр. Бұған дейін Тегеран стратегиялық су жолын толық ашу үшін АҚШ бірқатар шарттарды орындауы қажет екенін мәлімдеген.
Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабади келіссөздер соңғы кезеңге жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, екі тарап екі-төрт айға дейін қолданылуы мүмкін уақытша теңіз бағытын құру мәселесін талқылап жатыр.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де Тегеран мен Маскаттың жаңа кеме қатынасы тәртібі бойынша келісімге жақындағанын айтты. Алайда Ормуз бұғазының толық ашылуы Вашингтонның Иран қойған басқа да талаптарды орындауына байланысты болатынын атап өтті.
Ормуз бұғазы – әлемдегі энергия ресурстарын тасымалдаудың ең маңызды теңіз жолдарының бірі. Сондықтан бұғаздағы жағдай халықаралық нарықтар мен жаһандық энергетикалық қауіпсіздік үшін аса маңызды.
Бұған дейін АҚШ президенті Ормуз бұғазын америкалық аумақ деп жариялауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Мұндай шешім аймақта америкалық әскерлерді ұзақ мерзімге орналастыруды қажет етуі мүмкін. Иран болса, АҚШ-тың бұғазды бақылап отырғанын жоққа шығарды.