Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыс қайта күшейіп, уақытша бітімнің тағдырына қауіп төнді. Тегеран АҚШ-тың әскери нысандарына зымырандар мен дрондармен соққы жасаса, Вашингтон Иранның әрекеттерін келісімді бұзу деп бағалады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери базаларына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Өз кезегінде АҚШ тарапы бұл шабуылдарды растағанымен, америкалық әскери қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ екенін және нысандарға айтарлықтай шығын келмегенін хабарлады.
Бұған дейін АҚШ Иранның әскери нысандарына соққы жасап, оны Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге қарсы әрекеттерге жауап деп түсіндірген болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп Иран уақытша келісім шарттарын орындамаса, әскери операцияларды жалғастыруы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Израиль Ливанның оңтүстігінде Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысының нысандарына соққы бергенін хабарлады. Бұл шабуыл Ливанмен жасалған жаңа бітімнен бір күн өткен соң жүзеге асты.
Сарапшылардың айтуынша, Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікке төнген қатер әлемдік энергетика нарығына әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан, соңғы күндері бұғаз арқылы кеме қатынасы біртіндеп қайта жандана бастаған.