Иран Израиль және Парсы шығанағы елдерінің тұрғындарына 48 сағат ішінде дайын болуға шақырып, «телефондарды қуаттап, су қорын жинап қойыңдар» деген мазмұнда үндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәліметке сәйкес, Иранның вице-президенті Исмаил Секаб Исфахани АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазы туралы мәлімдемесіне жауап ретінде осындай ескерту жасаған. Бұған дейін Трамп егер 48 сағат ішінде Ормуз бұғазы ашылмаса, Иранның электр станцияларына соққы жасалатынын айтқан. Осыған байланысты Исфахани әлеуметтік желіде жариялаған хабарламасында аймақтағы жағдайдың ушығуы мүмкін екенін айтып, Израиль мен Парсы шығанағы елдерінің тұрғындарын алдын ала дайындық жасауға шақырды.
Ол сондай-ақ аймақтағы инфрақұрылымға Израиль мен АҚШ тарапынан шабуыл жасалуы ықтимал екенін ескертіп, мұндай әрекеттер жағдайды одан әрі күрделендіретінін атап өтті.
Өз кезегінде Иранның бірінші вице-президенті Мохаммед Реза Ариф те мәлімдеме жасап, Иран инфрақұрылымына жасалатын шабуылдар аймақта ауқымды электр қуатының үзілуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы – әлемдік энергия тасымалы үшін маңызды стратегиялық аймақ. Трамп бұған дейін Иран бұғазды толық әрі қауіпсіз ашпаса, АҚШ Иранның ірі электр станцияларына соққы жасайтынын мәлімдеген.