Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ пен Израильмен арадағы шиеленісті бәсеңдетуге дайын екенін айтты. Бұл туралы ол Tүркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иран басшысының сөзінше, егер көрші елдердің әуе кеңістігі, құрлық аумағы және аумақтық сулары Иранға қарсы шабуыл жасау үшін пайдаланылмаса, Тегеран өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға дайын.
Иран әрқашан өңірдегі шиеленісті азайтуға дайын екенін айтып келеді. Бірақ көрші мемлекеттердің әуе кеңістігі, құрлық аумағы мен аумақтық сулары Иран халқына қарсы шабуыл жасау үшін қолданылмауы тиіс, – деп жазылған президенттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Бұған дейін Түркия Қорғаныс министрлігі түрік әуе қорғаныс күштері NATO жүйелерімен бірлесіп, Иран аумағынан Түркия бағытына қарай ұшырылған баллистикалық зымыранды әуеде жойғанын хабарлаған.
Сонымен қатар Пезешкиан АҚШ пен Израиль Тегеран мен өңір мемлекеттері арасындағы қатынасты шиеленістіруге тырысып жатқанын айтты. Оның пікірінше, осы елдерге байланысты кейбір БАҚ Иранды Түркияға жасалған зымыран шабуылдарына негізсіз айыптап отыр. Осыған байланысты Тегеран Анкарамен бірге ықтимал зымыран шабуылдарын тексеретін бірлескен комиссия құруға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде АҰШ президенті Дональд Трамп CBS News арнасына берген сұхбатында Иранға қарсы соғыс «іс жүзінде аяқталуға жақын» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ әскери операциялар жоспарын бірнеше аптаға ерте орындап келеді.