Иран дағдарысы: Трамп үшін уақыт тарылып барады

Сарапшылардың пікірінше, Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасын толық тоқтата алған жоқ, сондықтан АҚШ әскери қысым мен келіссөздің арасынан жаңа жол іздеуге мәжбүр болып отыр.

 depositphotos.com 10 Мамыр 2026, 13:20
10 Мамыр 2026, 13:20
32
Фото: depositphotos.com

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс тағы да әлем назарын өзіне аударды. Вашингтон Тегеранға қарсы қысымды күшейтіп жатқан тұста Дональд Трамптың риторикасы да қатая түсті. Бірақ әскери операциялардың нақты нәтижесі қандай? АҚШ шынымен өз мақсатына жетті ме, әлде мәселе қайтадан келіссөз үстеліне орала ма? BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

Мұның үстіне америкалық заңнамаға сәйкес, президент Конгрестің арнайы рұқсатынсыз әскери операцияны 60 күннен артық жалғастыра алмайды. Бұл мерзімнің аяқталуы Ақ үй үшін саяси шешім қабылдайтын маңызды кезеңге айналып отыр.

Вашингтон қандай мақсат қойған еді?

Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Таир Нигмановтың айтуынша, АҚШ-тың Иранға қатысты негізгі мақсаты – Тегеранды ядролық қару жасау мүмкіндігінен толық айыру болған.

Алайда бұл міндет әскери жолмен толық орындалмады.

Трамптың “біз жеңдік” деп мәлімдеуі үшін аса бірдеңе жасаудың өзі міндетті емес. Ол қалай болғанда да АҚШ мақсатына жетті деп айтуға тырысады. Өйткені шығып алып “біз орасан көп қаржы, ресурс жұмсадық, адамдар қаза тапты, бірақ ештеңеге қол жеткізбедік” деп айта алмайды. Бірақ объективті түрде қарасақ, АҚШ-тың басты мақсаты – Иранды ядролық қарудан толық айыру еді. Бұл әскери жолмен толық жүзеге аспады. Иранның ядролық инфрақұрылымы сақталып қалды. Бұған дейін де соққылар жасалған, бірақ кейін тағы операция қажет болды. Сондықтан қазір Вашингтон бұл мақсатқа келіссөз арқылы жетуге мәжбүр болып отыр. Бірақ келіссөздердің өзі қиын жүріп жатыр, үнемі кейінге қалып немесе бұзылып кетеді, – дейді Таир Нигманов.

Сарапшының сөзінше, АҚШ үшін Иран мәселесі тек ядролық бағдарламаға ғана тірелмейді.

Неге Иран АҚШ үшін басты қарсыластардың бірі?

1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Тегеран мен Вашингтон арасындағы қатынас түбегейлі өзгерді. Иран АҚШ-ты басты геосаяси қарсылас ретінде қабылдай бастады.

Содан бері екі ел арасындағы қатынас санкция, әскери қысым, дипломатиялық текетірес пен жанама қақтығыстар аясында жалғасып келеді.

Таир Нигмановтың пікірінше, мәселенің күрделілігі де осында.

Иран – АҚШ-қа ең қарсы мемлекеттердің бірі. Бұл тек қазіргі саясат емес, ондаған жыл бойы қалыптасқан жүйе. Сондықтан Вашингтон алдында бірнеше ғана сценарий бар. Біріншісі – АҚШ-қа жақынырақ билік орнату. Бірақ Америка мұндай сырттан жүйе құру стратегиясынан көңілі қалғандай. Ауғанстан тәжірибесі мұның қаншалық қиын екенін көрсетті. Оның үстіне Иран тарихында мұндай кезең болған. Пехлевилер билігі кезінде көп адам оларды сыртқы күштердің ықпалындағы режим ретінде қабылдады. Ислам революциясының негізгі себептерінің бірі де осы еді, – дейді сарапшы.

Режимнің әлсіреуіне үміт бар ма?

Вашингтондағы кей топтар Иран билігі уақыт өте ішкі қысымнан әлсірейді деп есептейді. Әсіресе ұзаққа созылған санкциялар мен әскери қысым қоғамдағы наразылықты күшейтуі мүмкін деген болжам айтылып келеді.

Алайда соңғы айлардағы жағдай бұл сценарийдің де оңай еместігін көрсетті.

Сарапшының айтуынша, жаппай соққыларға қарамастан, Иран билігі әлі де өз позициясын сақтап отыр.

Екінші сценарий – режим өздігінен әлсіреп құлайды деген үміт. Бірақ соңғы айлардағы жағдай, әсіресе бомбалаулар кезеңі мұның оңай емес екенін көрсетті. Режим әлі де сақталып тұр. Сондықтан АҚШ үшін қазір ең шынайы нұсқа – келіссөз арқылы қысым жасау. Яғни Иранды сыртқы саясаттағы ұстанымын қайта қарауға итермелеу. Мүмкін, Тегеран мұндай жаппай соққылардың қайталануын қаламайтын шығар. Өйткені бұл шабуылдар Иранға шынымен үлкен шығын әкелді, – дейді Таир Нигманов.

Трамп соғысты тоқтатуға мүдделі ме?

АҚШ ішінде де Иранға қарсы ұзақ әскери операцияға қатысты пікір екіге бөлінген. Конгрестегі бірқатар саясаткер президенттің әскери өкілетін шектеу мәселесін көтеріп жүр.

Себебі америкалық заң бойынша президент Конгрестің мақұлдауынсыз әскери қақтығысты ұзақ уақыт жүргізе алмайды.

Осыған байланысты Ақ үй үшін қазір екі бағыт қатар жүріп отыр:

  • бір жағынан әскери қысымды сақтау;
  • екінші жағынан Иранмен келіссөз мүмкіндігін жоғалтпау.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы себепті Трамп алдағы уақытта соғысты «мақсатқа жеттік» деген саяси формуламен аяқтауға тырысуы мүмкін.

Өйткені Вашингтон үшін бұл қақтығыстың шексіз созылып кетуі де тиімсіз.

Қақтығыс қайта күшеюі мүмкін бе?

Соған қарамастан Таяу Шығыстағы жағдай әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр. Иранның ядролық бағдарламасы толық тоқтаған жоқ. Ал АҚШ қысымды жалғастырып келеді.

Сондықтан қазіргі уақытша саяси пауза ұзаққа созылады деп айту қиын.

Таир Нигмановтың пікірінше, келіссөздер нәтиже бермесе, жағдай кез келген сәтте қайтадан әскери кезеңге оралуы мүмкін.

Ал әзірге Вашингтон үшін ең басты мәселе – Иранды толық жеңу емес, бұл текетіресті АҚШ ішіндегі саяси жағдайға тиімді формада аяқтап шығу болып тұрғанға ұқсайды.

Наверх