Қазақстан 5 наурыздан бастап Иран азаматтарын елге кіргізбейді

2 Наурыз 2020, 10:55
1388
Бөлісу:
Қазақстан 5 наурыздан бастап Иран азаматтарын елге кіргізбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 5 наурыздан бастап Иран азаматтары Қазақстанға кіре алмайтынын айтты. 

Коронавирус инфекциясы таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары аймақтардағы шетелдік мекемелерімізде жедел штабтарымыз құрылды. Біздің азаматтарды отанға қайтару бойынша іс-әрекеттер алгоритмі қабылданды. Қытайдан 480 Қазақстан азаматы эвакуацияланды. Қытаймен тұрақты әуе рейстері, жаяу жүру бекеттері, көлік, теміржол жолаушы тасымалы тоқтатылды. 3 ақпаннан бастап, Қытайдағы азаматтардың барлығына виза беру тоқтатылды. Осы жылдың 5 наурызынан бастап Әзербайжанмен әуе рейстері қысқарады. Иран азаматтарына Қазақстанға кіруіне тыйым салынады, - деді Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, коронавирус қаупі жоғары елдерде 95 мыңнан астам қазақстандық жүр екен. 

Оның ішінде 35 мыңы Кореяда, 40 мыңы АҚШ-та, 5100-і - БАӘ-де, 5 мыңы - Германияда, 3 мыңы - Ұлыбританияда, 1800-і - Италияда, 1000-ы - Францияда. Олардың басым бөлігі – студенттер, еңбек мигранттары, шетелдегі мекемелердегі қызметкерлер мен отбасы мүшелері, туристер мен бизнесмендер. Эпидемиялық ахуал ушыққан жағдайда, қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесі дер кезінде қарастырылады. Бүгінгі таңда шетелдегі қазақстандықтар арасында коронавируспен ауырған жағдайлар тіркелген жоқ, - деді министр.
Бұған дейін ҚР премьер-министрі Асқар Мамин үкімет отырысында коронавирус инфекциясы жылдам тарап жатқан елдерге тұрақты авиарейстерді шектеуді және еңбек мигранттарын қабылдамауды тапсырды.
Өзгелердің жаңалығы