Иран АҚШ-ты азаматтық инфрақұрылымға соққы жасады деп айыптады

Ал Ақ үй бұл айыптауларды жоққа шығарып, АҚШ күштері тек әскери нысандарға, соның ішінде әскери логистика инфрақұрылымына ғана соққы жасағанын мәлімдеді.

 depositphotos.com 18 Шілде 2026, 00:30
18 Шілде 2026, 00:30
117
Фото: depositphotos.com

Иран билігі АҚШ-ты соңғы әуе шабуылдары кезінде азаматтық инфрақұрылым нысандарына соққы жасады деп айыптады.

ВВС-дің хабарлауынша, Иранның оңтүстік-шығысындағы әуежай, теміржол вокзалы және Хормозган провинциясындағы алты көпір шабуылға ұшыраған. BBC Verify қызметі Хормозгандағы Гарива көпірінің зақымданғанын бейнематериалдар арқылы растады.

Хормозган провинциясы әкімшілігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан жеті адам қаза тапқан.

Ал Ақ үй бұл айыптауларды жоққа шығарып, АҚШ күштері тек әскери нысандарға, соның ішінде әскери логистика инфрақұрылымына ғана соққы жасағанын мәлімдеді.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) нақты нысандардың тізімін жарияламағанымен, операциялардың мақсаты Иранның әскери әлеуетін әлсірету екенін хабарлады.

Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ шабуылдарына жауап ретінде Омандағы америкалық радиолокациялық станцияларға, сондай-ақ Кувейт пен Бахрейндегі нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ Сириядағы АҚШ-тың әскери нысанына шабуыл жасалғаны айтылды. Алайда бұл ақпаратқа Сирия тарапы түсініктеме берген жоқ.

Қақтығыстың ушығуына байланысты Ормуз бұғазы жабық күйінде қалып отыр. Бұл әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Халықаралық энергетикалық агенттік жағдайдың ұзаққа созылуы жаһандық энергия нарығына қауіп төндіретінін ескертті.

Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім туралы келіссөздер нәтиже бермей, соңғы күндері екі тараптың әскери іс-қимылдары қайта күшейе түсті.

Наверх