Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Иран АҚШ-тан кепілдік талап етуде

19 Сәуір 2025, 14:35
980
Бөлісу:

Иран билігі АҚШ-пен жасалуы мүмкін жаңа ядролық келісімнің болашақта Вашингтон тарапынан біржақты бұзылмауына нақты кепілдік беруді талап етуде. Бұл туралы BAQ.KZ DW және Reuters агенттіктеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Иран үкіметіндегі жоғары лауазымды өкілдің айтуынша, Тегеран 2015 жылы жасалған келісімді АҚШ-тың 2018 жылы біржақты бұзғанын естен шығармаған. Сол себепті Иран жаңа келіссөздерде қатаң шарттар мен “қызыл сызықтардан” аспауға ниетті.

Атап айтқанда, Иран: ядролық технологиялардан толық бас тартуға келіспейді; уран байыту көлемін 2015 жылғы келісімдегідей деңгейге дейін төмендетуге қарсы; зымырандық бағдарламасын талқылауға дайын емес.

Сонымен қатар, ирандық тарап белгілі бір шартты жеңілдіктерге баруға дайын екенін жеткізген, алайда нақты не жайлы екені айтылмады. Иран бұл үшін санкцияларды алып тастауды талап етеді.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың мәлімдеуінше, жаңа келісім тек Иран уран байыту бағдарламасын толық тоқтатса ғана мүмкін болады. Бұл – Вашингтон ұстанымының қатаңдағанын көрсетеді. Бұған дейін Уиткофф Иранда уран өндірісі тек бейбіт мақсатта және халықаралық бақылауда жүргізілсе, оған жол берілуі мүмкін екенін айтқан.

Келіссөздердің екінші раунды 19 сәуірде Рим қаласында өтеді. Иран делегациясын сыртқы істер министрі Аббас Арагчи, ал АҚШ делегациясын – Уиткофф басқарады. Келіссөздерге Оман сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад әл-Бусаиди делдалдық жасайды.

Бірінші раунд 12 сәуірде Оман астанасы Маскатта өткен болатын. Ақ үй келіссөздерден кейін “үлкен ілгерілеушілік” барын және диалогтың “позитивті және конструктивті” болғанын мәлімдеді. Арагчи да екі тарап өзара құрметке негізделген конструктивті атмосферада пікір алмасқанын жеткізді.

Алайда, Politico басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Иранға келісімге келуге 60 күн мерзім берген. Егер осы уақыт ішінде нақты нәтиже болмаса, Вашингтон әскери шаралар қолдануға дайын екенін ескерткен. Трамп бұған дейін де Иранға бомбалау және екінші реттік санкциялар арқылы қысым жасауға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы