Ядролық нысандарға соққы жасап, АҚШ қызыл сызықты өзі кесті. Енді жауап Тегеранның қолында, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC News-ке сілтеме жасап.
Таяуда АҚШ Иранның ядролық инфрақұрылымына соққы жасап, шиеленіс жаңа деңгейге шықты. Мұндай батыл шешімді бейбітшілікке уәде берген президенттің қабылдауы халықаралық қауымдастықты елең еткізді.
Иранның 86 жастағы Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи бүгінде бункерде жасырынып отырғаны жөнінде ақпараттар бар. Соңғы 40 жылда ол Ислам Республикасын сақтап қалу жолында салқынқанды саясат ұстанып келген. Енді ол тарихи шешімнің алдында тұр: тым әлсіз жауап берсе – беделінен айырылуы мүмкін, тым қатты жауап берсе – елдің болашағына қауіп төнеді.
Chatham House зерттеу орталығының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша директоры Санам Вакилдің айтуынша:
Хаменеи бұл жолы 1988 жылы аятолла Хомейни ішкен “у тостағанынан” да ащы шешім қабылдауы мүмкін, - дейді ол.
Бұл жерде сарапшы Ирано-Ирак соғысы кезінде Хомейнидің бейбіт келісімге қол қоюға мәжбүр болғанын меңзеп отыр.
"Бұл – Иран қаламаған соғыс"
Соңғы 10 күнде Израильдің әуеден жасаған шабуылдары Иранның әскери қолбасшылығына Иран-Ирак соғысы кезіндегіден де көп зиян келтірді. Ядролық ғалымдар мен Қарулы күштердің жоғары шенді өкілдері қаза тапты. Ал АҚШ-тың соғысқа тікелей араласуы Тегеранға қысымды еселеп отыр.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-қа қатаң ескерту жасады. Бірақ сырттай қатаң мәлімдемелердің артында саяси есеп пен геосаяси тәуекел тұр.
Иран бұл соғысты қаламайды, – дейді Таяу-Шығыс мәселелерә кеңесінің сарапшысы Хамидреза Азиз.
Дегенмен, елдің аймақтағы беделі мен күшті имиджі едәуір шайқалды. Бұл жауап беруді талап етеді.
Екі оттың ортасында қалған Тегеран
Алайда Иранның қандай да бір жауап әрекеті өзіне тиіп кетуі мүмкін. Таяу Шығыстағы 20-дан астам америкалық базаға соққы беру АҚШ-тың қатыгез қарсы соққысына себеп болуы ықтимал.
Ал Ормуз бұғазын жабу – әлемдік мұнай нарығын шайқалтып, Иранның араб көршілері мен Қытай сияқты одақтастарының ашуын туғызуы мүмкін.
Соңғы 20 айда Израиль соққылары Иранның прокси желісін,аймақтағы серіктестері мен одақтастарын айтарлықтай әлсіретіп үлгерді. Иран қазір АҚШ-ты ашуландырмайтындай шекте жауап берудің жолын іздеп отыр.
Қайталанатын тарих па?
Бес жыл бұрын Дональд Трамптың бұйрығымен АҚШ КСИР генералы Касем Сүлейманиді өлтіргенде, соғыстың басталып кету қаупі туындаған еді. Бірақ Иран ол кезде Ирак арқылы ескертіп, АҚШ базаларын атқылағанымен, адам шығынына жол бермей, ашық соғыстан бас тартқан.
Бұл жолы жағдай әлдеқайда күрделі. АҚШ ядролық нысандарға соққы жасап, ойын ережесін түбегейлі өзгертті.