Иранның қорғаныс министрі Азиз Насирзаде Ислам Республикасының қарулы күштері АҚШ пен Израиль тарапынан кез келген жаңа шабуылға қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Mehr агенттігі жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің айтуынша, Иран өткен қақтығыста қарсыласқа қатаң соққы беріп, оны бітімге келуге мәжбүр еткен. «Біз олардың өтінішін қабылдап, жағдайды ушықтырмау үшін атысты тоқтатуға келістік. Алайда қарсыластың әрекеттерін жіті бақылап отырмыз», - деді ол.
Мәлімдеме Тегеранда Оңтүстік Африка Ұлттық қорғаныс күштері делегациясымен кездесу кезінде жасалды. Оңтүстік Африка өкілдері екі елдің «әлемдік әділетсіздік пен кемсітушілікке қарсы күресте» ортақ ұстанымдары барын атап өтті.
Бұған дейін Foreign Policy 2025 жылдың соңына дейін, тіпті биылғы тамызда-ақ Иран мен Израиль арасында жаңа соғыс басталуы мүмкін екенін жазған. Басылым болжамынша, қақтығыс алдыңғыларға қарағанда анағұрлым қанды болуы ықтимал.