Қазақстанның инженерлік әскерлері 1993 жылы еліміздің аумағында орналасқан құрамалар мен бөлімдер негізінде қалыптасқан болатын. Олардың құрылған күні 21 қаңтар болып белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл әскер түрінің құрылғанына 30 жыл толуына орай елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында салтанатты жиын өтті.
Шараға Ақмола өңірлік гарнизоны инженерлік әскерлер бөлімшелерінің және басқару органдарының жеке құрамы, Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары мен магистранттары, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол әскери-инженер мамандарды әскери логистиканы қамтамасыз етудегі және жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандырудағы, техногендік апаттар мен табиғи апаттардың салдарын жоюдағы маңызды рөлін атап өтті.
Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру мен іске асыру тәжірибесі инженерлік әскерлер мен инженерлік қамтамасыз етудің маңыздылығының артқанын айқын көрсетіп отыр, сондай-ақ инженерлік құралдарды сауатты пайдалану әскери топтарды, қару-жарақ пен әскери техниканы тиімді пайдалану үшін жағдай туғызатынын, әскерлердің өміршеңдігін арттыратынын және сайып келгенде нәтижеге қол жетуге ықпал ететінін айғақтайды, – деді генерал-майор Асан Жүсіпов.
Әскери инженерлер қозғалыс бағыттарын белгілейді, тосқауылдар жасайды, позицияларға бекіну жабдықтарын жүргізеді, су тосқауылдары арқылы көпір өткелін салады, әскерлерді бүркемелеумен және имитациялаумен айналысады. Бұл жұмыстардың орындалуы мың өлшенген әрекеттерді, нақты есептеулерді, тіпті кейде стандартты емес техникалық шешімдерді де қажет етеді.
Тиісті жағдайда инженерлік әскерлердің жеке құрамы техногендік сипаттағы табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды жоюға қатысады. Олар сондай-ақ сел ағынын оқшаулау бойынша міндеттерді орындайды, адамдарды қар құрсауынан алып шығып, эвакуациялаумен айналысады, орман және дала өрттерін сөндіреді. Мәселен, өткен жылдың күзінде олар Қостанай облысында болған өртпен күресте елеулі көмек көрсетті.
Салтанатты жиын барысында Қорғаныс министрінің бұйрығымен үздік әскери қызметшілер ведомстволық наградалармен, грамоталармен және кезекті әскери атақ беріліп, марапатталды. Сондай-ақ, генерал-майор Асан Жүсіпов инженерлік әскерлердің құрылуына атсалысып, оның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге алғыс хаттар табыс етті.