Инвестициялық сенім: Прокуратура бизнеске қалай қорған болуда?

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті өңірлердегі жұмысты күшейтіп жатыр

 Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 16:53
Бүгiн 2026, 16:53
141
Фото: Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы мен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов өңір инвесторларымен бірлескен қабылдау өткізді. Кездесу барысында кәсіпкерлер жер телімдерін беру, инфрақұрылымға қосылу және мемлекеттік порталдарда тіркелу мәселелерін көтерді. Барлық өтініш прокуратура органдарының бақылауына алынды.

Алғашқылардың бірі болып «ABDI AGRO» ЖШС басшысы Ержан Әбдиевтің мәселесі қаралды. Кәсіпкер 1,5 мың бас ірі қара малға арналған ферма салу үшін жер телімін алу бойынша құқықтық көмек көрсетуді сұрады. Бұл кейс прокурорлардың ерекше бақылауына алынып, сүйемелдеу жүргізіледі.

Сонымен қатар, прокурорлар қазақстандық тауар өндірушілер порталында тіркелу кезінде қиындықтарға тап болған «СЛ Групп» ЖШС-ның, сусын шығаратын зауыт құрылысы үшін электр желісіне қосылуға жәрдем қажет ететін «Caspian Beverage Holding» АҚ-ның, сондай-ақ жер мәселесіне қатысты «SAN tyres» ЖШС мен «CSI Brands» ЖШС-ның өтініштерін қабылдады.

Бауыржан Ералының айтуынша, Алматы облысы еліміздегі іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар саны бойынша көшбасшы өңірлердің бірі болып қала береді.

Біз инвесторлардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Соңғы үш жылда кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 71,5 пайызға қысқарды. Қазіргі таңда прокуратура жалпы құны шамамен 100 триллион теңгені құрайтын 3 мыңға жуық инвестициялық жобаны сүйемелдеп жатыр. Алматы облысында құны 8 триллион теңгеден асатын 180-нен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Биыл өңір прокурорлары 19 инвестордың құқығын қорғады. Сондықтан біз үшін өңірлердегі инвесторлармен тікелей кездесіп, олардың мәселелерін жедел шешу маңызды,деді комитет төрағасы.

Жалпы ведомство басшысы 2024 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша прокурорлар маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді бастап, инвестицияларды қорғауды қамтамасыз еткенін атап өтті.

Біздің алдымызға қойылған міндет айқын – елдегі бизнес жүргізу мен инвестиция салу үдерісін барынша түсінікті әрі ашық ету. Осы жұмыс аясында екі мыңнан астам инвестордың мәселесі шешіліп, 30 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген 270 жоба іске қосылды, – деді Бауыржан Ералы.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов өңір прокуратурасы бизнеске қолдау көрсету және инвесторларды қорғау жұмысын күшейткенін атап өтті.

Соңғы үш жылда прокурорлар жалпы инвестиция көлемі 4 триллион теңгеден асатын шамамен 140 инвесторға қатысты 70-тен астам кейсті шешті. Негізінен бұл жер беру, инженерлік коммуникацияларға қосылу, шетелдік жұмыс күшін тіркеу, шектеулер қою және заңсыз тексерулер мәселелері, – деп қосты ол.

Комитет төрағасы Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірді дамыту орталығының, индустриялық аймақтарды басқаратын компаниялардың, Alatau арнайы экономикалық аймағының және Carlsberg зауытының қызметімен де танысты.

Наверх