Бүгінде кез келген өнімді, соның ішінде тағамды да интернеттен тапсырыс беріп алдыртуға болатыны белгілі. Алайда ғаламтор арқылы тамаққа тапсырыс беру кезінде абай болған жөн, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев айтып берді.
"Күмәнді" сайттар арқылы үйде дайындалған аспаздық, кремді-кондитерлік өнімдерді және консервіленген өнімдерді сатып алмаңыз. Қоғамдық тамақтандыру өнімдері дайындайтын стационарлық объектінің (өндірістік цехтың) бар екендігіне көз жеткізіңіз, осы деректерді 2ГИС қосымшасы арқылы тексеріңіз. Сондай-ақ пікірлерді сайтынан немесе 2ГИС-тен оқыңыз, - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол ақша аударғанда да абай болуды ескертті.
Жеке тұлғаларға төлемдерді аудармаңыз, кәсіпкердің деректемелері мен сатушының мекенжайы көрсетілген фискалдық түбіртек алатын-алмайтыныңызды тексеріңіз. Тапсырысты алған кезде мынаны тексеріңіз:
- қаптаманың (контейнерлердің) тұтастығы және ластануының болмауы;
- өнімдерде көрінетін зақымдардың болмауы (шетелдік қосындылар);
- әрбір орамада мыналарды көрсететін этикетканың болуы: ыдыстың (өнімнің) атауын, тамақ өнімінің атауы мен өндірісінің мекен-жайын, дайындалған уақыты мен күнін, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын, дайындау бойынша ұсыныстарды (қажет болған жағдайда);
- өнімнің сақтау мерзімі мен сақтау шарттары туралы болуы қажет.
Сатып алған тауардың түбіртегін 5 күн бойы сақтаңыз. Ыстық тағамдарды бірден жеп, келесі күнге қалдырмаған дұрыс. Жеке гигиена ережелерін сақтаңыз. Тамақтан улану белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгініңіз, - деді Мұхамғали Арыспаев.