Интернетпен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын – Нұртай Сабильянов

2 Сәуір 2020, 01:48
1724
Бөлісу:
Интернетпен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын – Нұртай Сабильянов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов білім саласындағы қашықтықтан оқытудың олқылығы туралы халықтың ойын үкімет басшысына жеткізді. Бұл туралы ол өзінің facebook-тегі парақшасында жариялады.

Ел аумағындағы төтенше жағдайға байланысты оқушыларды және студенттерді қашықтықтан оқытуға көшетіндігі белгілі.

Депутат оқытудың жаңа форматына көшуге дайын болмауына байланысты, аталған мәселе сайлаушылардың өтініштерінде, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жатқандығын айтқан.

Атап айтқанда, 31 наурыз 2020 жылы "Egemen Qazaqstan" газетінде "Қашықтан оқыту қашықтағы ауылдарға қиын болып тұр" деген мақала жарияланды.
Қашықтықтан білім алу үшін оқушылар телекоммуникациялық желілерге шығатын жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет (интернет, спутниктік теледидар).
"Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" жобасы аясында 1250 ауылдық елді мекенді интернет байланысымен қамтамасыз ету әлі аяқталмаған.
Кейбір аймақтарда интернет жылдамдығы төмен және бұл қашықтықтан білім алуға кедергі тудырып отыр (интернетке қосылудың ұзақтығы, байланыстың үзілуі және т.б.). 
Оның үстіне, үлкен жүктемеге байланысты елдегі телекоммуникациялық жүйесінде кідіріс пайда болуы мүмкін екендігін айтқан.
Бұдан басқа, балалардың қашықтықтан оқуын қамтамасыз ету үшін көптеген отбасыларында компьютер немесе ноутбук жоқ. Екі және одан да көп балалары оқитын отбасыларына бірнеше компьютерлер немесе ноутбуктер қажет. Алайда, оларды барлық ата-аналар сатып ала алмайды.
Сонымен қатар, тұрғындардың барлығы қажетті телеарналарға қосылмаған және оларда бірнеше теледидар жоқ, - деп жазған депутат.


Халық қалаулысының келтірген мәліметіне сәйкес 4000-ға жуық ауылдық елді мекен жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілмеген.

Сондай-ақ депутат көптеген отбасылардың жағдайы жасалмаған жалдамалы пәтерде немесе кішкентай тұрғын үйде тұрып жатқандығын да тілге тиек еткен.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру және ауылдық елді мекендерді жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын, - деп жазған депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.


Сонымен қатар Н. Сабильянов үкімет басшысынан Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мерзімде жауап беруін сұраған.



Өзгелердің жаңалығы