Интернет мәселесі шешілмеген ауылдардың нақты тізімін алдық – вице-министр

21 Тамыз 2020, 13:40
2203
Бөлісу:
Интернет мәселесі шешілмеген ауылдардың нақты тізімін алдық – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов күнбе-күн ҚР БҒМ жауапты жетекшілерімен, білім басқармалары, облыс әкімі орынбасарлары, аудан әкімдері және байланыс операторларымен бірге онлайн режимде әрбір өңір, аудан, ауыл, әсіресе шалғай ауылдардағы интернет мәселесін және оны шешу жолдарын жан-жақты талқылауда.

Аудан әкімдігі мен білім басқармаларының өкілдері өз өңірлеріндегі интернет, байланыс мәселелерін ортаға салып, байланыс операторларынан ақауларды жою немесе байланыс арналарының өткізу қабілетін күшейтудің нақты шешімдері мен өз сұрақтарына жауап алады.

Бүгінге барлық облыспен осындай онлайн кездесулер өткізіліп, оқушыларды қашықтан немесе дәстүрлі оқытуға дайындық деңгейі анықталды.

Біз жергілікті әкімдіктерден интернет мәселесі шешілмеген ауылдардың нақты тізімі көрсетілген ақпаратты сұраттық. Осы ауылдарға жылдамдығы жоғары интернетті тарту үшін инфрақұрылым қажет. Байланыс операторлары қазір қажет инфрақұрылым - «Оптика» желісін жүргізуде. Бұл мобильді операторларға "оптоталшықты" пайдалану арқылы елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, тек бір ауыл ғана емес, оған көршілес ауылдарда да 3G/4G мобильді технологияларын немесе сымсыз кеңжолақты қатынау технологиясын пайдалану мүмкін болмақ. Бұл жерде базалық станция орнату үшін жер телімін бөлу, электр желісін тарту секілді мәселелерді шешуде жергілікті әкімдік тарапынан қолдау қажеттігін айтып өткен жөн. Әрине, біз өз тарапымыздан байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіп, ұялы байланыс стансаларының қуатын күшейту, интернет желісін кеңейту, сапасы мен жылдамдығын арттыру мәселелерін талқыладық. Жүргізілген талдау нәтижесінде мектептердегі интернеттің жылдамдығын 8 Мбит/сек дейін арттыру мүмкіндіктері анықталды. Осы бойынша тиісті ақпарат жергілікті әкімдіктерге жолданды,-деп айтып өтті ҚР Цифрлық даму, ииновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов.

Бұдан басқа, жыл басынан бері 1026 шалғай ауыл кеңжолақты интернет желісіне қосылды. Іске асырылып жатқан екінші жоба аясында 2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары 1250-ден астам ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлауда. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсаты 3700-ден астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды, оның ішінде мектептер, ауруханалар, әкімдіктер және т.б. стратегиялық нысандарды кең жолақты интернет желісімен қамту.

Сондай-ақ министрлік байланыс операторларымен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған мектептер мен ауылдық әкімдіктерге, медициналық пункттерге роутер жеткізу мәселесін де пысықтауда, бұл ауылдық елді мекендердегі мұғалімдер мен оқушыларға интернетті Wi-Fi арқылы тегін пайдалануға мүмкіндік береді.

2020 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылғанын айтып өткен жөн. Меморандум тұрғын саны 250-ден көп 928 ауылдық елді мекенді мобильді кең жолақты интернетпен қамтуды көздейді. Оның ішінде 635 АЕМ – 3G және/немесе 4G технологиялары бойынша, ал 293 АЕМ – FWA радиотехнологиясы бойынша жылдамдығы жоғары интернетке қосылмақ. Осы тамызда - 59, қыркүйекте – 150, қазанда – 205, желтоқсанда – 476 ауылдық елді мекенді кең жолақты интернетпен қамту жоспарланған.

 

Өзгелердің жаңалығы