Қазақстан интернетке қолжетімділік бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі

25 Маусым 2020, 20:30
2376
Бөлісу:
Қазақстан интернетке қолжетімділік бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді.

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, "Индустрия 4.0" элементтерін және "Модельдік цифрлық фабрикалар" жобасын дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, мұнай-газ және уран салаларын цифрландыру туралы энергетика министрі Н. Ноғаев, мемлекеттік органдар жұмысындағы қағаздағы құжат айналымын шектеу туралы мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова баяндады.

2018-2019 жж. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жалпы экономикалық тиімділігі 802,5 млрд теңгені құрады, негізінен электрондық коммерцияның және онымен аралас салалардың белсенді дамуының арқасында 120 мың жұмыс орны құрылды. "Цифрлық Қазақстан" аясында 58 заң мен 11 кодекстің 700 нормасына өзгерістер мен түзетулер енгізілді.

БҰҰ рейтингінде Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша 39-орынды, "онлайн қызмет көрсету" индикаторы бойынша 26-орынды, киберқауіпсіздік деңгейі бойынша 40-орынды иеленді. Қазақстан интернетке қолжетімділік бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі — ҚР-да 1 Гб құны $0,49, халықты қамту – 84,2% құрайды, ал мысалы, Украинада аталған көрсеткіштер – $0,51/62,5%, Қытайда – $9,89/61,2%, АҚШ-та – $12,37/87,3%. Қазақстан халқының цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1%-ға жетті. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 83,7%-ы онлайн-режимде көрсетіледі, 7 мыңға жуық АT-компания тіркелген.

Кәсіпорындарда "модельді цифрлық фабрикаларды" ашу жұмыстары жүргізілуде, бұл еңбек өнімділігін 25%-ға, ресурс тиімділігін 18%-ға, жабдықтың қызмет ету мерзімін 5%-ға арттыруға, өндірістік шығындарды 20%-ға, еңбек шығындарын 30%-ға, энергия шығындарын 35%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Мысалы, осындай цифрлық фабрикалар "Кентау трансформатор зауыты" АҚ, "Eurasian Foods" АҚ, "Алматы желдеткіштер зауыты" ЖШС, "Химфарм" АҚ, "Karlskrona" ЖШС, "Алтыналмас" АҚ және "Бал Текстиль" ЖШС-де ашылды.

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын одан әрі өзекті ету аясында әртүрлі салаларда 10 технологиялық платформаны енгізу жоспарланған, атап айтсақ: Govtech, Smart city, Industry 4.0, Agritech, Blockchain, Space-Geotech, AI (жасанды зерде), E-Industry, Fintech, Greentech. Олар дайын техникалық инфрақұрылымды, ашық деректердің үлкен массивтерін, сондай-ақ отандық АT-компаниялар мен стартаптар үшін әзірлеу және талдау жүйелерін шоғырландырады.

Отырысқа қатысушылар роботтарды, үлкен деректерді және жасанды зердені қолдана отырып, өндіріс процестерін автоматтандыруға бағытталған «Индустрия 4.0» технологиялық платформасын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Платформа қаржылық, ақпараттық сервистерді, сауда алаңдарын және технологиялар трансферті жүйелерін, бірінші кезекте тау-кен металлургиялық және отын-энергетика кешендері, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары үшін біріктіреді. Оны құру аясында Smart Industry Management талдамалық базасын енгізу, саланың ірі кәсіпорындарымен корпоративтік инновациялар жүйесін дамыту және басқа да шаралар қабылдау жоспарланған.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бір ай мерзімде Индустрия 4.0 элементтерін дамыту және "Модельді цифрлық фабрикалар" жобасын кеңейту бойынша реттеуші және ынталандырушы шаралар кешені бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Энергетика министрлігіне осы жылдың соңына дейін көмірсутегі шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукциондар өткізу жүйесін іске қосуды қамтамасыз ету, кейіннен процестің барлық кезеңдерінде қағаз форматын шектеу, сондай-ақ шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы