Интернет-алаяқтықтың ең басты себебі – адамдардың аңқаулығы

12 Қаңтар 2021, 12:41
3663
Бөлісу:
Интернет-алаяқтықтың ең басты себебі – адамдардың аңқаулығы
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Бимен интернет алаяқарға жем болмаудың негізгі бес ережесін тізіп берді.

Кибералаяқтар – бұл өзгенің мал-мүлкін еш қысымсыз, бопсалаусыз, асқан қулықпен иемденіп алуды көздейтін қылмыс әлемінің элитасы. Қудың қақпанына түскен адам өзінің мүлкін алаяқтарға өз еркімен қалай бергенін аңдамай қалады. Қылмыскерлердің бұл санатын өзінің қулығы, тапқырлығынан басқа, жәбірленушіге қатысты ешқандай зорлық-зомбылық танытпауына қарап, ең «әділетті» фигура деуге болар.

Интернеттің пайдасы орасан, алайда, зияны да шаш-етектен екені белгілі. Интернет-алаяқтық – бұл желі пайда болғанға дейін болған алаяқтық схемалардың кезекті нұсқасы. Ол онлайн-шопинг және электрондық коммерцияның өзге түрлерінің танымалдылығымен бірге дамыды. Пайдаланушыларды алдау үшін интернет-алаяқтар электрондық поштаны, түрлі чаттарды, форумдарды және жалған веб-сайттарды пайдаланады. Жалпы, кибералаяқтық деген қайдан шыққан? Одан сақтанудың жолы бар ма? Қазақстандағы интернет арқылы жасалатын қылмыстың көрсеткіші қандай?

Осы мәселе бойынша Қарағанды облыстық Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Бименге бірер сауал тастаған едік.

-        Азамат мырза, алдымен қызметіңіз, міндетіңіз, жұмыс өтіліңіз жайлы қысқаша баяндап берсеңіз.

-        Мен 2010-2014 жылдар аралығында ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдадым. 2014-2016 жылдар аралығында Қарағанды облысы ПД, Орталық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл болып қызмет атқардым. 2016 жылдан бастап Қарағанды облысының ПД криминалдық полиция басқармасында әр түрлі лауазымдарды атқарып, қазіргі таңда Қарағанды облысының ПД КПБ ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстарды ашу тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметіндемін. Лауазымдық міндеттеріме сәйкес жоғары технологияларды, интернет жүйесін, арнайы бағдарламаларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды ұйымдастыратын, жасайтын, тұлғаларды анықтау мен жауапкершілікке тарту, облыс аумағында авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу фактілерін, алдын алу, анықтау және құқықбұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстарды атқарып келемін.

-        Соңғы кездері кибералаяқтық неге көбейіп кетті?

 -        Интернет-алаяқтықтың көбеюіне бірқатар фактор себеп болып отыр. Оның ең алғашқысы, қазіргі таңда ақпараттық құрылғылардың адамның күнделікті өмірінде жиі қолданылуы. Мысалы, онлайн тауар сатып алу, жалға алу, ақша жіберу, интернет-банкинг және т.б. интернет арқылы жасалатын қызметтер. Тағы бір себеп – биыл әлемді сарсаңға салған пандемияға байланысты көп адамдардың қашықтықтан үйде отырып жұмыс істеп, онлайн тауар сатып алу, онлайн жеткізу, онлайн тапсырыс беру қызметтері және т.с.с. Бірақ, ең басты себеп - ол адамдардың аңқаулығы деуге болар. Өйткені, интернет-алаяқтықтың дені интернет желісі WhatsApp, Insragramm, Telegramm және т.б. мессенджерлер арқылы жасалады. Ал, жәбірленушілер интернетпен байланысты қандай да бір әрекет (сату, сатып алу, жалға алу, қаражат жіберу) жасау кезінде кіммен сөйлесіп отырғанын және қандай тауар сатып алып жатқанын нақтыламай тиынын алаяқтарға ұстатып жібереді.

- Қарағанды өңірінде 12 айдың қорытындысы бойынша қанша интернет алаяқтық дерек тіркелді?

- Қарағанды облысы бойынша 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 1389 интернет-алаяқтық тіркелді.

- Азаматтар көбіне интернеттегі қандай тұзаққа түсіп жатады? Көбіне шағымданушылар қандай сайт, әлеуметтік желіден жапа шегеді? Бірер мысал келтірсеңіз.

- Интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлеріне келер болсақ, азаматтардың қандай да бір тауарды (көлік, көлік саймандары, киім-кешек, үй-құрылғылары, балалар ойыншығы, тұрмыстық заттар және т.б.) сатып алғысы келіп алдын ала төлем жасайды. Одан кейін алаяқтар хабар-ошарсыз кетеді немесе керісінше азаматтар тауарларды сату кезінде олардың банк карточкаларының реквизиттерін, СМС-хабарламаларын сұрап алып олардың шотынан ақша ұрлайды. Мұндай жағдайлар көбінесе Оlx.kz, Kolesa.kz, Market.kz, Instagram сайттарында орын алады.

Мұндай алаяқтықтың келесі бір түрі азаматтардың пәтерді, құрылысты, қандай да бір тауарларды уақытша жалға алу себебімен алдын ала төлем жасайды. Одан кейін алаяқтар хабар-ошарсыз кетеді. Дәл осындай керісінше жолмен жәбірленушінің ақшасын иемденеді. Мұндай жағдайлар да жоғарыда көрсетілген Оlx.kz, Kolesa.kz, Market.kz, Instagram сайттарында жиі кездеседі.

Банк карточкаларының қолданушыларына банктердің қауіпсіздік қызметкерлері атынан қоңырау шалып банк карточкаларының реквизиттерін алып, азаматтардың ақшасын иемденіп алу да кең таралған интернет алаяқтық түрі болып саналады.

Сонымен қатар, кейінгі кездері жиі тіркелетін тағы бір алаяқтық түрі - «olx.kz» сайтында орын алуда. Мысалы, сіз қандай да бір тауар сатып жарнама қойдыңыз, сізге WhatsApp мессенджеріне немесе сол «olx.kz» сайтынан сізге «тауарды сатып аламын, ақша жібердім», деп хабарлама тастайды. Іле «olx.kz» сайтына ұқсас сілтеме жіберіп, «сол жерге банк картаңыздың мәлеметтерін жазыңыз, сонда сізге қаражат аударылады» деу арқылы керісінше, сіздің картаңызға қол жеткізеді де, ақшаңызды еркін иемденіп кете барады.

-        Интернет арқылы жасалған қандай қылмысты ашу қиын?

-        Қандай да бір интернет-алаяқтық түрін ашу қиын деп айтуға келмес. Себебі, кез келген қылмысты ашу үшін бірқатар жұмыс атқарылуы қажет. Оның негізгілері жедел-іздестіру және тергеу амалдарын жүргізу.

-        Онлайн несие, займ, жеңіл ақша, пайыздық ақша деген тәсілдер жөнінде не айта аласыз?

-        Иә, мұндай да интернет-алаяқтық түрі бар. Бұл қылмысты жасау кезінде азаматтардың жеке құжаттарының мәліметтері керек. Толығырақ айта кетсек, кез келген несиені рәсімдеу үшін сіз өзіңіздің жеке куәлігіңіздің мәліметтерін бересіз, сол сияқты онлайн несие алу үшін сіздің жеке куәлігіңіздің суреті қажет. Бұл жерде бір айта кететін жайт, мұндай алаяқтықты жәбірленушінің жанында жүрген немесе жеке куәлігінің көшірмесі бар адамдар ғана жасай алады. Мысалы, WhatsApp және т.б. арқылы басқа адамдарға суреттерін жіберген кезде.

-        Интернеттегі алаяқтарға тап болған адам ең алдымен қандай қадам жасауы керек?

 -        Кез келген азамат алаяқтардың қақпанына түскен жағдайда ең алдымен жергілікті полиция бөліміне арыз жазуы қажет. Арыз қабылдау кезінде жәбірленушіден сұрау жүргізіледі. Сұрау жүргізу кезінде болған жағдайдың мән-жайын толығымен айтып беруі шарт. Яғни, алаяқтың абоненттік нөмірін, банк картасының нөмірін, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын (егер бар болса) және т.б. Күдікті тұлғаларды ұстауға көмектесетін кез келген ақпаратты жасырып қалмауы қажет.

- Интернеттегі қауіпсіздік: ең негізгі 5 ережені атасыңыз.

Ең алдымен, басқа қаладан онлайн тауар сатып алғыңыз келсе, сол қалада тұратын туыстарыңыз, достарыңыз, таныстарыңыздан тауарды тексеріп жіберуін өтінген жөн. Ондай адамдар жоқ болған жағдайда, сатушыға видео-қоңырау шалып тауарды мұқият тексеріп жіберуін сұраңыз.

Екінші ереже – пәтер немесе басқа да заттарды уақытша жалға алған кезде жалға берушімен тікелей кездесіп қарап алу керек.

Тағы бір ескеретін мәселе – «olx.kz» сайтында тек түрлі жарнамалар ғана жарияланады. Ол сайттың ақша аудару функциясы жоқ.

Сонымен қатар, әрбір адам білуі керек бір ереже – банк қызметкері қоңырау шалып, ешқашан сіздің картаңыздың мәліметтерін сұрамайды, әсіресе бір жолға келген СМС-хабарламаны. Егер әлдеқандай нөмірден өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, «ақшаңызды сақтандырылған шотқа ауыстырыңыз» десе сенбеңіз. Сөйлесу кезінде күдік туындаған жағдайда банк картасында көрсетілген банктің ресми нөміріне қоңырау шалыңыз.

Қандай жағдай болмасын телефоныңызға келген банктің бір жолғы СМС-хабарламаларын ешкімге көрсетпеңіз, жібермеңіз. Құжаттарыңыздың көшірмесін ешкімге жолдамаңыз. Кез келген азамат осындай қарапайым ережелерді назарда ұстаса, алаяқтықтың азаюына әсері болар еді.

-        Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы