Инклюзивті білім. Қазақстанда «ерекше» балалар қалай білім алады?

16 Ақпан 2021, 12:35
108094
Бөлісу:
Инклюзивті білім. Қазақстанда «ерекше» балалар қалай білім алады?
Фото: BAQ.KZ

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Инклюзивті білім беру – бұл барлық бала өздерінің физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне енгізілген және мүмкіндігі шектеусіз құрдастарымен бірге оқытылатын оқыту және тәрбиелеу процесі.

ҚР «Білім туралы» заңында инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс екені көрсетілген.

Инклюзивті білім балаларға қатысты кез келген кемсітушілікті жоққа шығаратын, барлық адамдарға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, бірақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерекше жағдай жасайтын идеологияға негізделген.

Инклюзивті білім берудің 8 принципі бар:

1. Адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес;

2. Әр адам сезінуге және ойлауға қабілетті;

3. Әркімнің сөйлесуге және оны тыңдауға құқығы бар;

4. Барлық адам бір-біріне мұқтаж;

5. Білім нынайы қарым-қатынастар аясында ғана жүзеге асуы мүмкін;

6. Барлық адам өз құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді;

7. Барлық оқушы үшін жетістікке жету – оның орындай алатын әрекеті;

8. Жан-жақтылық адам өмірінің аясын кеңейтеді.

Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру – бұл жалпы білім берудің транформациясы. Мұнда бала мектептің қажеттіліктеріне емес, мектеп баланың қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Сондықтан ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеусіз және олардың білім алу қажеттіліктерін бағалаусыз инклюзивті білім беру туралы айтуға болмайды.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқытудың басқаша түрі қолданылады – үйде оқыту, қашықтан оқыту, арнайы мектептер, жалпы білім беретін мектептердегі түзету сыныптары.

Еліміздегі ерекше білімді қажет ететіндер статистикасы

Білім туралы заң бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санатына, денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған балалар санаты жатады. Бүгінгі таңда олардың саны 161 мыңнан асады. Өкінішке қарай, бұл санаттағы балалардың саны жыл сайын 3 пайызға өсіп отыр, - деді Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің Инклюзивтік және арнайы білім басқармасының басшысы Әйгерім Кудеринова. 

-        Психикалық дамуы тежелген балалардың саны 50 мыңнан асады;

-        Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың саны 47 мыңнан асады;

-        Нашар көретіндер – 8 004;

-        нашар еститіндер – 3 857;

-        ақыл-есі кем – 25 045;

-        тірек-қимыл аппаратының бұзылуы – 18 841;

-        аутизм спектрінің бұзылуы – 5 193;

-        естімейтіндер – 2 054;

-        көзі көрмейтіндер – 313.

Айта кетейік, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шамамен 50 пайызы ерте жаста оңалтылуы мүмкін. 

Мұндай санатқа кіретін балаларды оқытумен, тәрбиелеумен қамту мектепке дейінгі ұйымдардан ЖОО-ларға дейін жүргізіледі. БҒМ-нің мәліметінше, мектепке дейінгі балабақшаларда 37 970 астам бала тәрбиеленеді. Орта білім беру ұйымдарында 95 497 бала оқиды. Колледждерде 2 900 бала және ЖОО-ларда 3 520 бала оқиды.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе мектептердің базасында 177 ресурстық орталық ашты.

Инклюзивті білім беруді енгізуді үйлестірудің негізгі проблемалары

-        педагогтердің әлеуетін арттыру;

-        менеджемент пен кадрлық жүйесін жақсарту.

Инклюзивті білім берудің тиімсіз басқарылуы және кадрлық әлеуеттің болмауы байқалады. Осындай басты проблемаларды шешу үшін өңірлерде жұмыс жүргізіліп жатыр. Мониторинг бойынша 8 өңірде үйлестіру кеңестері құрылған. Сондай-ақ, 9 өңірде инклюзивті білім беруді дамытудың өңірлік бағдарламалары әзірленіп, жүргізіліп жатыр. Барлық өңірде осындай жұмыс жүргізілсе, инклюзивті білім беру сапасының көрсеткіші жақсарады, - дейді Әйгерім Кудеринова. 

Сонымен қатар, БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің отырысында елімізде 46 ПМПК және 25 түзету кабинетін құру қажеттігін айтты. Бұл ерекше балалар үшін ауадай қажет шара. Бүгінгі таңда ПМПК-ға ең үлкен қажеттілік Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында бар. 

Ерекше білім алатын балалардың тапсырмалары жеңілдетіледі

 

БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті Инклюзивтік және арнайы білім басқармасының басшысы Әйгерім Кудеринова соңғы 5 жылда 15-тен астам нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілгенін айтты.
 

 


Оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жеке оқыту нормалары ескерілді. Арнайы мектептер мен колледждерге оқу бағдарламалары әзірленді. Критериалды бағалау жүйесі бейімделді. Оның ішінде балаларға уақытты созу, тапсырмаларды жеңілдету қарастырылды. Сонымен қатар жан басына шаққандағы қаржыландыруда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру процесі шығысының нормасы екі еселенді, - деп атап өтті ол. 

 

Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға БТ сериясы бар «Білім туралы аттестат» беріледі. Емтихан кездерінде жеке аудитория мен көмекші берілетін болады. Сонымен қатар аралық және қорытынды аттестаттау нысандары жеңілдетілді. 

Инклюзивті білім берудің әлемдік тәжірибесі

Шетелде 1970 жылдардан бастап мүгедектердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін нормативтік актілер пакетін әзірлеу және енгізу жүргізіліп келеді. АҚШ пен Еуропаның қазіргі білім беру саясатында бірнеше тәсілдер дамыды, оның ішінде білімге қолжетімділікті кеңейту (widening participation), мэйнстриминг (mainstreaming), интеграция (integration), инклюзия (inclusion). Мэйнстриминг «ерекше» балалар құрдастарымен мерекелерде, түрлі мерекелік іс-шараларда сөйлеседі деп болжайды. Интеграция дегеніміз - ақыл-ойы мен физикалық дамуында ауытқуы бар балалардың қажеттіліктерін, оларға бейімделмеген, жалпы өзгеріссіз қалатын білім беру жүйесіне сәйкестендіру. Инклюзия - мектептерді реформалау және оқыту жағдайын барлық балаланың қажеттіліктеріне жауап беретіндей етіп қайта жоспарлау.

1990 жылдары АҚШ пен Еуропа елдерінде мүгедек балалардың ата-аналарының өзін-өзі ұйымдастыру проблемалары, мүгедектердің әлеуметтік белсенділігі және олардың құқықтарын қорғаушылар туралы бірқатар басылым жарық көрді. Бұл инклюзивті білім беру идеяларын танымал етуге ықпал етті. 

1980-1990 жылдары жүргізілген инклюзивті білім берудің экономикалық тиімділігі туралы зерттеулер интеграцияланған білімнің артықшылықтары мен жетістіктері көрсетеді.

 

Бүгінгі таңда көптеген батыс елінде мүмкіндігі шектеулі балаларды интеграциялаудың маңыздылығы туралы белгілі бір келісім бар. Мемлекеттік, муниципалдық және мектептер ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бюджеттен қаржыландырылады.

 Инклюзивті білім беру туралы ереже 2006 жылғы 13 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясымен мақұлданған «Мүгедектердің құқықтары туралы» БҰҰ конвенциясына енгізілген. 

Мектеп – «ерекше» бала – педагог-психолог

Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты - даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту, білім беру.

Жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білімге қандай көңіл бөлінеді? «Ерекше» балалар мектептегі өз құрдастары ортасында өздерін еркін сезіну үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы сұрақтарға мектеп оқушыларымен 18 жылдық тәжірибесі бар Райгүл Сайлаубаева айтып берді. Мұғалім бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы М.Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы.

Психолог атап өткендей, ерекше білімді қажет ететін балалар мектепке ПМПК-ның қорытындысы бойынша шыққан арнайы анықтамамен келеді.

Баланың анықтамада көрсетілген диагнозына байланысты оқу бағдарламалары беріледі. Әр баланың диагнозына байланысты оқу жүктемелері жасалады, яғни бала қандай сабақтар оқуы керек, оны қалай өту қажеттігі белгіленеді. Егер қосымша мамандар қажет болса, оларды да сағат бойынша бөліп береді. Осылайша әр баланың сабақты игеруіне жағдай жасалады. Олар қалыпты сыныпта отырады, мектептің қалыпты оқушысы ретінде саналады. Себебі ерекше балалар барлық баламен бірге жүріп, әлеуметтенуі керек. Мысалы, диагнозына қарай БЦС (ДЦП), аутизм болса да бір сыныпта балалармен бірге білім алулары қажет, - дейді маман. 

Мұғалімдер ерекше білімді қажет ететін балалармен қалай жұмыс жасауы қажет екені туралы арнайы курстардан өтеді.

Сондай-ақ, «ерекше» балаларға басқалармен салыстырғанда мүмкіндіктеріне қарай жеңілірек тапсырмалар беріледі.

Психологиялық тұрғыда балалар бақылау, зерттеу және диагностикалау әдістерін қолдану арқылы бақыланады. Сондай-ақ, егер баланың үлгерімі төмен болса, ата-аналарының сұранысы бойынша бағыттарын көтеру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, баланың есте сақтау және басқа да қабілеттеріне қарай ата-аналар тапсырма беруді сұрап жатады, - деді мектеп психологы. 

Райгүл Сайлаубаеваның сөзінше, әр баланың жеке бағдарламасы бар, ол бойынша нақты жұмыстар жасалады. 

Әр бала мектепке лайықты

Бір сыныпта әр түрлі диагнозбен бір немесе екі бала отыруы мүмкін.

Әрине ата-аналар сыныпта «ерекше» бала болғандықтан өз балалары да назардан тыс қалып қоймағанын қалайды. Мысалы, ата-аналар көбінесе баласы басқа балалардан бөлініп қалмауын немесе жазудан үлгермей қалмасын деп сұрап, мән беріп отырады. Осы ретте біз ата-аналардың жағымсыз ойларын жеңуге көмектесеміз. Оларға баласы инклюзия сыныбында отырғанымен барлық оқушыға бірдей міндет, мақсат қойылатынын түсіндіреміз. Сондай-ақ, бала бойындағы жағымсыз қасиеттерді жойып, өзін еркін, қалыпты сезінуге үйретеміз. Мысалы, инклюзия сыныбында оқитын оқушының жанында тьюторы жүреді. Ол – қосымша көмекші-педагог, - деп түсіндірді ол. 

Тьютор сабақ үстінде бала өзін қалай ұстады, не істеді, осының бәрін күнделікке жазып, бақылап отырады.

 

Егер баланың мінез-құлқында не болмаса сөздік қорында ерекшеліктерін байқап, көмек қажет болса, онда психолог, логопед, дефектологқа жүгінеді. Сондай-ақ, үлгерімі жақсы болса, онда жағымды өзгерістер динамикасы туралы ата-анаға айтып отырады. Яғни тьютор баланы сырттай бақылап, өзгерістерін қадағалап жүреді, - дейді психолог.

 

Оның айтуынша, алғашқы жылдары инклюзия сыныптары енді ашыла бастағанда ата-аналар тарапынан түсінбестік болған.

Ата-аналар бастапқы кезде «Неге менің балам инклюзия сыныбында отыр? Балам сау, оның ешқандай диагнозы жоқ» деп айтатын. Кейін ата-аналар жиналыстарында инклюзия сыныбы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ата-аналарға «ерекше» балалар өздерін қоғамда еркін сезінулері керектігін түсіндірдік, - деп айтты маман. 

Одан бөлек, мұғалімдер балалармен де тренингтер өткізеді.

Балаларға рөлдік ойындар ойнатамыз. Айта кетсем, қарапайым балаға егер сыныпта көру кемістігі бар бала болса, оның жағдайын түсіну үшін баланың бір көзін жауып немесе аяқтарына қатты затты байлап, жүргіземіз, құлаққап кигізіп, қатты дауыспен музыка қосып қоямыз. Осындай тренингтер арқылы балалардың айналасындағылардың дауысын естімей, қалай әрекет жасайтыны туралы білеміз. Олар да осындай тренингтерден кейін «ерекше» балаларға қиын екенін түсіне бастайды. Тіпті оқушылардың инклюзия сыныбындағы балаларға қамқорлық көрсете бастағанын да байқадық. Мысалы, 2-3 сыныптағы балалар «ерекше» балаларға аса назар аудара бермейтін, кейін олар 5-6 сыныпқа келгенде «ерекше» балаға көмектесуге тырысатынын көруге болады. Осылайша олар өсе келе өздерінің көмегіне мұқтаж екенін сезіне бастайды, - дейді психолог балалар жайында. 

Мүмкіндігі шектеулі болып қалғанына бала кінәлі емес

Бала осындай болып туғанына, мүмкіндігі шектеулі болып қалғанына кінәлі емес. Бірақ баланы осы қалпында қабылдап, мазақтамай, онымен бірге жүру керектігін және ол да өздері сияқты бала екенін оқушыларға түсіндіреміз, - дейді психолог Райгүл Сайлаубаева. 

Педагог қазір мектепте аутист бала, ерекше диагнозды балалар бар екенін айта кетті.

Бастауышта, 8-сыныпқа аяқ басқан балалар бар. Бұл балалар сабақ қатысқысы келмесе, шығып кетеді. Осы ретте бастауыштың басқа да баласы шығып кеткісі келеді. Осы ретте балаларға ол баланың ерекше бағдарламамен оқитынын айтып, түсіндіреміз. Ал ерекше диагнозды баланы ресурсты кабинетке апарып, ойнатып, жүгіртеміз. Себебі мұндай балаларға бір орында отыруына талап қоя алмаймыз. Олар сабаққа кедергі жасауы мүмкін, - дейді ол. 

Сонымен қатар, психолог «ерекше» баланың ата-аналарының мектеп мамандарынан да артық білімі бар екенін айтты. Олар да балаларымен жұмыс істеу үшін арнайы курстарға барады, түрлі әлеуметтік көмек көрсететін орталықтарға барып, мамандармен бірге жұмыс жасайды. Осындай орталықтардан үйренгендерімен мұғалімдермен де бөлісіп отырады.

Не себепті «ерекше» балалардың саны көбейіп келеді?

Көбінесе ата-аналар «біз білген жоқпыз», «дәрігерге қаралып жүргенде бәрі жақсы болатын», «босанған кезде осылай туылды» деп айтып жатады. Мұның бір себебі – тұқымқуалаушылық, экология. Одан бөлек, жас аналар аяғы ауыр кезінде денсаулықтарына мән бермей, зиянды заттарға әуес болуы мүмкін. Аналар аяғы ауыр кезде денсаулықтарына күтім жасаулары қажет. Оның салдары балаға әсер етеді. Сондай-ақ, кеш жүктілік, генетикалық аурулар да бұған себеп болуы мүмкін. Негізі себебі өте көп. Дұрыс тамақтанбау, зиянды заттар. Сондай-ақ, отбасылық кикілжіңдерден, стесс, депрессияда жүрген аналардан да осындай балалар дүниеге мүмкін, - дейді мектеп психологы Райгүл Сайлаубаева. 

Дегенмен мұны арнайы зерттеп жүрген ғалымдар бар.

Бұл аурулармен уақытында күрессе, емделе ме?

Біздің тәжірибемізде инклюзия сыныбындағы ең үлкен бала 7-сыныпта оқып отыр. Дегенмен емделетін диагноздар болуы мүмкін. Бізде негізінен түзету жұмыстары жүргізіледі. Яғни динамикасында өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы, бала бұрын жаза алмаса, қазір жаза алады, сөйлей алмаса, сөйлейді, айта алмаған әріптерін айтады, ойын жеткізе алады. Осындай өсу динамикасы байқалуы мүмкін. Яғни салыстырмалы түрде алғанда бұрынғыдан дамиды. Таным процестері, ойлау, есте сақтау, қабылдау қабілеттері дамуы мүмкін. Алайда емдеп, денсаулығы мықты бала етіп жібере аламыз деп айта алмаймыз. Біз тек әлеуметтендіріп, қоғамға бейімдейміз, - дейді маман. 

Оның айтуынша, соңғы кезде елімізде инклюзияға назар аударылып келеді. Бастапқы кезде дұрыс бағдарламалар да болмады. Қазіргі таңда мұғалімдер де түрлі мықты мамандардың курстарынан өтіп жатыр. Кез келген инклюзия сыныбына сабақ беретін мұғалімдер кәсіптік біліктіліктерін дамытып, балаларды оқытудың әдіс-тәсілдерін үйреніп жатыр.

Қазіргі таңда бізге инклюзивті сыныптардың жас ерекшеліктеріне сай кабинеттері болуы керек деп талап қойып жатыр. Мысалы, бастауыш сыныпқа арналған кабинет. Бала сабақтан шаршаса, демалып, қайта қалпына келетін бұрышы болуы керек. Ол талапқа сай жабдықталуы қажет, - деп түсіндірді психолог. 

Карантин кезінде «ерекше» балалармен қалай жұмыс істелді?

Карантин уақытында жұмыстарды онлайн форматқа ауыстырдық. Дегенмен ата-аналардың сұранысы бойынша мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Балаларды ата-аналар да мектепке әкеліп жүр. Себебі оларға логопед, дефектолог, психолог мамандарының көмектері керек. Ол балаларды үйде ешқайда шығармай ұстап отыру мүмкін емес. Сондықтан бір мезгіл мектепке келіп, кезекші сыныптарда білім алып жүр, - деп айтты педагог-психолог. 

Маман айтқандай, мектептерінде инклюзиялық сыныптарда және үйде білім алатын 25-ке жуық оқушы бар. Оның 17-сі инклюзивті сыныпта білім алады. 5-8 сынып аралығында оқитын 3 оқушы бар. Оның біреуі аутист, БЦС және көру кемістігі бар бала. Ал бастауышта және үйде диагноздарына байланысты балалар оқиды.

Үйдегі балалармен де анықтамаларына байланысты оқу бағдарламасы жасалған. Пән мұғалімдері үйлеріне барып, сабақтарын өткізеді. Берілген оқу жүктемесіне қарай сабақ береді. Ал карантин уақытында онлайн режимде оқып жатыр, - деп қорытындылады өз сөзін Райгүл Сайлаубаева. 

Президенттің халыққа Жолдауы
 

Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр.

Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді, - деген болатын Президент халыққа Жолдауында. 

Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивтілікке қатысты тапсырма берді.

Тұрақты дамуды, инклюзивтілікті және білімдегі теңдікті қамтамасыз ету үшін 15 базалық аймақтық университеттерді түбегейлі жаңарту қажет. Олар таланттарды тартудың аймақтық орталықтарының рөлін атқаруы керек, - деп Тоқаев айтқан болатын. 

 

Өзгелердің жаңалығы