Инклюзивті білім беру жобасына қатысуға өтінім қабылдау басталды

6 Сәуір 2020, 23:59
3010
Бөлісу:
Инклюзивті білім беру жобасына қатысуға өтінім қабылдау басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 сәуірде "Болашақ" корпоративтік қоры "Әр бала мектепке лайықты" инклюзивті білім беру әлеуметтік жобасына қатысуға өтінімдерді қабылдауды бастайды.

Жоба мектептерінде 1-4 сыныптарда оқуға өтінімдер аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балалардың ата-аналарынан қабылданады. Осы жылы өз құрдастарымен бірге бір партада отырып оқитын ерекше қажеттіліктері бар балалар қатары толатын болады.

Бүкіл дүние жүзі бойынша да, Қазақстанда да аутизмі бар балалардың саны өсіп келеді. ДДСҰ статистикасына сәйкес әлемдегі 160 баланың бірі аутизм спектрінде. 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн 2007 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленген болатын, онда аутизмге шалдыққан балалардың саны көп болғаны алаңдаушылық туғызды. Ресми деректер бойынша Қазақстанда аутизмі бар 5 мыңға жуық бала бар. "Болашақ" корпоративтік қорының "Әр бала мектепке лайықты" жобасы аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында енгізуге бағытталған. 2015 жылдан бастап қор арқылы Қазақстанның 17 аймағында 41 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар 380-нен астам бала күнделікті мектепке баруға мүмкіндік алды. Жоба еліміздің 34 мектебін қамтыды. Балаларында ерекше білім алу қажеттіліктері бар 1200-ден астам отбасына консультация берілді. 1250-ден астам білім беру маманы инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлықты талдау бойынша оқудан өтті, 420 жұмыс орны құрылды - дейді мамандар.

Жобаға аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 7 мен 11 жас аралығындағы балалар қатыса алады.

Жобаға қатысу үшін www.bolashakcharity.kz сайтында сауалнама-өтінімді толтыру керек. Сауалнамада баланың диагнозына, білім деңгейіне, дағдыларына және вербалды коммуникацияға қатысты сұрақтар бар. Баланың оқуға және әлеуметтенуге қабілетін бағалау мақсатында анкетаға баланың мінез-құлқы туралы бейне материалдарды қосу қажет. Өтінімдер осы жылдың 7 сәуірінен 4 мамырына дейін www.bolashakcharity.kz сайтында қабылданады. Өтінімдерді толтыру және қарау тәртібі сайтта осы жылдың 7 сәуірінде жарияланады - деді "Болашақ" өкілдері.

Жоба аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалардың мінез-құлқының бұзылуын түзететін және білім беруде қолданылатын әдістердің жоғары тиімділігін көрсетті.

Жобаға қатысу тегін. Бұл қайырылымдық жобасы болып табылады. Жыл сайын өткізілетін Қысқы қайырымдылық балында жинайтын қаражатқа және жергілікті атқарушы органдарының қаражатына жүзеге асырылады. "Әр бала мектепке лайықты" жобасының серіктесі – Nur Otan партиясы, "Кедергісіз келешек" жобасының "Инклюзивті білім беруді дамытуға қолдау көрсету" бағыты шегінде.

Өзгелердің жаңалығы