Инфляция 2025 жылға қарай одан әрі баяулайды – Ұлттық банк болжамы

15 Маусым 2023, 11:38
719
Бөлісу:
Инфляция 2025 жылға қарай одан әрі баяулайды – Ұлттық банк болжамы
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Елдегі жылдық инфляция 2024-2025 жылдары одан әрі баяулайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Биыл мамыр айында жылдық инфляция біздің болжауымызға сәйкес наурыз айында басталған төмендеу үрдісін жалғастырып, 15,9%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясы 16,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,2%-ға, сервистік инфляция 13,5%-ға дейін баяулады. Әлемдегі азық-түлік бағасының төмендеуінен және Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы салдарынан сыртқы сектордың бағаларға қысым көрсетуі біршама әлсіреді. Фискалдық ынталандыруға, тұрақты ішкі сұранысқа, жоғары инфляциялық күтулерге байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық әсері сақталып отыр, - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.

Айтуынша, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты елдегі инфляцияның одан әрі баяулауына ықпал етеді.

Біздің жаңартылған болжамдарымыз бойынша, 2023 жылы жылдық инфляция 11-14% шегінде қалыптасып, 2024-2025 жылдары одан әрі баяулайды. Реттелетін қызметтерге тарифтердің ұлғаюына қарай және жанар-жағармайдың қымбаттауы баға деңгейіне тікелей және жанама әсер етуіне байланысты инфляция бойынша болжам өсу жағына қайта қаралды. Ұлттық Банк екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады, - деді Ғалымжан Пірматов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы