Инфекционист баланың жиі ауыруы мен оған БАД беруге тоқталды

14 Ақпан 2023, 13:16
801
Бөлісу:
Инфекционист баланың жиі ауыруы мен оған БАД беруге тоқталды
Фото: malim.kz

Бұл туралы инфекционист дәрігер Динагүл Баешова Астана қаласы коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Алдымен дәрігер астаналық ата-ананың «Бала тұмаумен бір маусымда бірнеше рет ауыратын болса, қорқудың қажеті бар ма?» деген сауалына жауап берді. 

Бір қыста әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар бірнеше рет ауыруы мүмкін. Ол тұмау болмауы да мүмкін. Өйткені жедел респираторлық-вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) тұмаудан басқа да қоздырғыштары бар. Ол респираторлық-синцитиалды вирусты инфекция, бокавирус, норавирус, парагрипп, ринавирус болуы мүмкін. Оның әрқайсысымен кездескенде бала сол инфекциямен ауырып шығуы мүмкін және бала ағзасы ол вирустарды өздігінен еңсере алады, - деді инфекционист. 

Сондықтан Динагүл Баешова бала ағзасы вирусты жеңіл қабылдап, бала қатты ауырып тұрмаса да, оны толық жазылғанша балабақша мен мектепке апармауға кеңес береді. Өйткені ол жақтан басқа инфекция жұқтырса, жағдайы ауырлауы мүмкін.

Жалпы дәрігер баланың бес жасқа дейін жиі ауыруының себебі оның ағзасы түрлі вирустармен алғаш рет кезігіп, антиденелер қалыптастырып жатқанынан екенін айтады. 

Сондай-ақ Динагүл Баешова брифинг барысында «Биологиялық белсенді қоспаларды балаға қай жастан бастап беруге болады?» деген сауалға жауап берді. Ол сәнге айналған бұл тенденцияға қарсы екенін жеткізді.      

Мен инфекционист дәрігер ретінде авитаминоз белгілері болғаннан кейін балаға дәрігер тағайындаған витаминдерден басқа биологиялық қоспаларды беруге түбегейлі қарсымын. Баланың ағзасы жеген тамағынан қажет витаминдерді өзі сіңіріп алады. Бастысы балаға берген тамағыңыз үйде пісірілген, балғын әрі пайдалы болуы керек, - деді ол.     

Өзгелердің жаңалығы