Азамат Панбаев Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Азамат Серікұлы Панбаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып тағайындалды, - делінген хабарламада.
Панбаев Азамат Серікұлы 1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Белые воды ауылында туған.
Білімі-жоғары. 2008 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Химия» мамандығы бойынша, 2010 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2020 жылы «ҚР Премьер-министрінің алғысы» медалімен наградталған.
Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіп комитетінде 2008 жылдан бастап 2016 жылға дейін сарапшы лауазымынан бастап басқарма бысшысына дейін жетті.
2016-2019 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде кеңесші лауазымда істеді.
2019 жылғы сәуірден 2022 жылғы наурызға дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Талдау, статистика және тәуекелдерді басқару департаментінің директоры қызметін атқарды.
2022 жылғы 25 наурыздан бастап - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болды.